Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Денелерін өртеп жіберген": Алаш арыстарының сүйектері қайда, олар қайда жерленген

Тарихтың қаралы беттерінің бірі - саяси қуғын-сүргін. Оған Кеңес Одағына мүше болған елдердің азаматтары ұшырады.1921 жылдан 1954 жылға дейінгі кезеңде бүкіл одақта саяси баптар бойынша сотталғандардың жалпы саны 3 миллион 777 мыңға жетті. Оның ішінде 642 мыңына қатаң жаза жарияланды.Осы жылдары Тұрар Рысқұлов, Әлихан Бөкейханов, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Абдулла Розыбакиев,  Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Санжар Асфендияров, Халел Досмұханбетов, Жаһанша Досмұханбетов және басқа да көрнекті қайраткер ату жазасына кесілді. Қатыгез жүйе оларды ең ауыр жолмен жазалады.Соның салдарынан, бүгінде ұлт көсемдерінің көбінің туған жерінде зираты, артында қалған тікелей ұрпағы жоқ. Сол зұлмат жылдары көпшілігін Алматы маңындағы ортақ орға жаппай көме салған. Қазір "Бауырластар зираты" аталатын бұл орында кейбір Алаш зиялыларының сүйегі жатуы әбден мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

 

31 мамыр — Қазақстанда Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл сталиндік репрессия мен нәубет жылдарында жазықсыз жапа шеккен миллиондаған адамды, оның ішінде ұлт зиялыларын еске алу мақсатында аталып өтіледі.

Қуғын-сүргін жылдары Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен 5 миллионнан астам адам жер аударылды. “Халық жауларын анықтау” саясаты салдарынан Қазақстанда 100 мың адам сотталған, олардың 25 мыңы ең жоғары жазалау шарасы – ату жазасына кесілді. Оның ішінде алаш зиялылары да бар. 

Мағжан Жұмабаев 1937 жылғы 30 желтоқсанда тұтқындалып, тергеу изоляторына жеткізіледі. Алғашқы тергеулер барысында ол өзіне тағылған айыптарды мойындамай, жапон тыңшысы еместігін және Кеңес өкіметіне қарсы ешқандай әрекет жасамағанын мәлімдейді. Алайда репрессия жылдарында тергеудің заңсыз әрі қатыгез әдістері кеңінен қолданылғаны белгілі.1938 жылғы 6 қаңтарда Мағжан Жұмабаев өз "кінәсін мойындайтыны" туралы хаттамаға қол қояды. Демек, небәрі бір апта ішінде оны психологиялық және физикалық қысым арқылы мойындатқан болуы мүмкін,-дейді тарихшы Шәмек Тілеубаев.

Тарихшы Шәмек Тілеубаевтың айтуынша, сол кезеңдегі тергеулерде түрлі азаптау тәсілдері қолданылған. Мысалы, тұтқындарды қараңғы, суық зынданға жалғыз қамап, ұзақ уақыт тік тұрғызған. Кейде төбеден үздіксіз су тамшылап тұратын орындарға қамаған.

 
Сонымен қатар "конвейер" деп аталатын әдіс бар. Тергеушілер бірін-бірі алмастырып, тұтқынды тәулік бойы үздіксіз тергеген. Адам аштық пен шөлге белгілі бір уақытқа дейін төзе алғанымен, ұйқысыздыққа ұзақ шыдай алмайды. Ұдайы қысым, қорқыту, ұрып-соғу және ұйқыдан айыру салдарынан 10–12 күннен кейін адамның психикалық жағдайы нашарлап, ақыл-ойы әлсірей бастайды. Осындай жағдайда көптеген адамдар тергеушілер ұсынған құжаттарға қол қоюға мәжбүр болған. Сондай-ақ оларды бала-шағасымен, жақындарымен қорқыту әдісі де қолданылған. Мағжан Жұмабаев та осындай қысымға түскен,-дейді Шәмек Тілеубаев

Ал Ахмет Байтұрсынұлы 1937 жылдың тамызында ұсталып, 8 желтоқсанда ату жазасына кесілді.  

Алғашқылардың бірі болып атылған — Жүсіпбек Аймауытұлы. Одан кейін Ахмет Байтұрсынұлы да ату жазасына кесілген. Алайда Әлихан Бөкейханұлы ара түсіп: "Бұл кісі — қазақтың ағартушысы, қазақ әліпбиін жасаған тұлға. Оны атса, халық көтеріліп кетуі мүмкін", — деген уәж айтқандықтан, Ахмет Байтұрсынұлын 10 жылға жер аударуға жібереді. Бірақ елге оралғаннан кейін де қуғын-сүргін тоқтамай, 1937 жылдың 11 тамызында қайта тұтқындалып, сол жылдың 8 желтоқсанында ату жазасына кесілді", — дейді Ахмет Байтұрсынұлы мұражайының директоры Райхан Имаханбет.

Ал 1937 жылы 27 қыркүйекте қазақ халқының біртуар перзенті  Әлихан Бөкейхан ату жазасына кесілді. Сол түні оның денесі мыңдаған жазықсыз құрбандармен бірге Дон крематорийіне жеткізіліп, өртелді. Мың градусқа жуық жалында адам денесі бірнеше сағаттың ішінде күлге айналған. Кеңестік жүйе өз қылмысының әшкере болғанын қаламады. Сондықтан атылғандардың мәйітін туған-туысына бермей, бәрін құпия түрде жойып отырған. Түн жамылып, крематорийден қалған күлді аты-жөні жоқ ортақ шұңқырға төге салатын болған. Осылайша халықтың арда азаматтарын тарихтан өшірмек болды. Бірақ шындықты ешкім мәңгі жасыра алмады. Уақыт өте келе құпия архивтер ашылып, атылғандардың денесі қайда кеткені белгілі бола бастады. Бұл туралы Әлихан Бөкейханның өмірін зерттеген тарихшы Виктор Козодой айтып береді.

Қуғын сүргінге ұшыраған жандардың сүйегін әртүрлі түрмеден  әкеліп, жасырын көміп отырған. Бұл туралы ұзақ уақыт ешкім білген жоқ. Жаппай жерленген орындар тек 90-жылдардың басында ғана анықталды. Ол кезде  зираттың бұрынғы жұмысшыларын тауып, олар мәйіттердің нақты қай жерлерге көмілгенін саусақпен нұсқап көрсетіп берген. Шын мәнінде, қазір бұл жер – мыңдаған адамның сүйегі жатқан үлкен ортақ қабір,- дейді ресейлік тарихшы Виктор Козодой.

Әлиханмен бірге Нығмет Нұрмақовтың да өмірі аяусыз қиылды. Оның қазақ тілін мемлекеттік деңгейге көтеру жолындағы жанқиярлық күресі "ұлтшыл" деген жалған айыпқа сылтау болды. Ату жазасы жабық сотта асығыс үкім етілді. Олардың күлі "№1 ортақ қабірге" бірге көмілген. 

 

Онда мыңдаған адамның мәйіті бір-бірімен араласып жатыр. Оларды қазір ажырату мүмкін емес. Тіпті арнайы сараптама жасап та кімнің кім екенін дөп басып айта алмайсыз. Сондықтан бұл зират көбіне символикалық орын саналады. Яғни, арыстарымыз шамамен осы маңда жатыр деп тағзым етеміз. Қазір ол жер толық ретке келтіріліп, зират ретінде абаттандырылған.

Тұрар Рысқұлов, Нәзір Төреқұлов, Сұлтанбек Қожанов сияқты біртуар тұлғаларымыздың мәйіттері әлі күнге дейін Ресей топырағында жатыр. Қандықол жүйе олардың тек көзін жойып қана қоймай, артында ешқандай дерек қалдырмауды көздеді. Жендеттер мәйіттердің тезірек шіріп, жоғалып кеткенін қалады. Осы мақсатта олардың үстіне әдейі сөндірілмеген әк сепкен, ал мұндай әк химиялық реакция кезінде 150 градусқа дейін қызып, денені күйдіріп жібереді. Бұл болашақта мәйіттерді мүлдем танып-анықтау мүмкін болмасын деп әдейі жасалған қатыгездік еді.

Алматы маңындағы Жаңалық ауылында 1930 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандары жаппай көмілген орын табылған еді. Тарихи деректерге сүйенсек, мұнда 4 мыңнан астам адамның сүйегі жатыр. Қазба жұмыстары кезінде адам қаңқаларының әлі күнге дейін табылуы – жазықсыз атылған мыңдаған мүрденің ешқандай жерлеу рәсімінсіз, кездейсоқ шұңқырларға жаппай тастала салғанын дәлелдейді. 

Қазба жұмыстары 2018 және 2023 жылдары жүргізілді. Алғашқы зерттеу жергілікті тұрғындардың көмегімен жүзеге асырылды. Нәтижесінде бұл жерден 163 адамның жерленгені анықталды. Ал 2023 жылғы қазба барысында тағы 50-ге жуық адамның сүйегі табылды. Осылайша, Талғар маңынан екі бауырластар зираты анықталып отыр.Қазба кезінде адам сүйектерімен қатар олардың жеке пайдаланған заттары — көзілдіріктер, киім түймелері, оқтар, аяқ киімдер және басқа да бұйымдар табылды. Ең назар аударарлық жайт табылған бас сүйектерінің шүйде тұсы мен самай тұсынан оқ тиген іздердің анық байқалуы.Дегенмен, бұл жерде нақты қай зиялы қауым өкілдерінің жерленгенін әзірге дәл айту мүмкін емес. Оны анықтау үшін сүйектерді олардың ұрпақтарының ДНҚ үлгілерімен салыстырып зерттеу қажет. — дейді археолог Досбол Байқонақов.

Бүгінге дейін тек Міржақып Дулатов пен Смағұл Сәдуақасовтың ғана сүйегін елге қайтара алдық. Бірақ қандықол жүйе мұнымен тоқтаған жоқ: ол арыстарымыздың көзін жойып қана қоймай, артындағы ұрпақтарын да тұқым-тұяғымен құртқысы келді. Сәкен Сейфуллиннің артында тұяқ қалмады: оның жөргектегі шақалағы Аян "АЛЖИР" лагеріне барар жолдағы азапты сапарда суықтан шетінеп кетті. Мағжан Жұмабаевтың перзенті бесігінде шетінеді.Ал Жаһанша Досмұхамедов пен Мұстафа Шоқайдың артында ізін жалғайтын тікелей ұрпақ қалмады. Ахмет Байтұрсыновтың да өз кіндігінен перзент болмады. Ол шаңырағының түтіні сөнбесін деп бауырларының балаларын бауырына басып өсірді, алайда Ұлт ұстазының өз генетикалық коды осылайша үзіліп тынды. Көпшілігінің артында ұрпағы болмағандықтанолардың нақты қай жерде жерленгенін дөп басып айту қиын. Егер артында тұяқ қалса, сараптама жасап, сүйегін аруалап жерлдеуге болар еді. 

Толығырақ  Stan.kz YouTube арансынан көріңіз!

Stan.kz
Жексенбі, 31 Мамыр, 2026 12:13