Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық компания қазақ тілінде баяндама жасаған қызметкерді жұмыстан қуды деп айыпталды

Екойл4

Фото: ChatGPT

Павлодардағы компаниялардың бірінде қызметкердің жұмыс барысында қазақ тілін қолдануына қатысты дау туды. Әлеуметтік желіде жазба қалдырған әйел күйеуінің жұмыстан босатылуын тіл мәселесімен байланыстырады. Айтуынша, бұған қатысты қолында хат алмасулар да бар. Әйел мемлекеттік тілде сөйлегені үшін қызметкерге осындай талап қойылғанына наразы. Енді ол жұмыс берушіден бұл шешімнің себебін түсіндіруін күтеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оқиға неден басталды?

Threads желісінде жазба қалдырған әйел күйеуінің ECOil U.A.E. GROUP күзет қызметінде жұмыс істегенін жазған еді. Оның сөзінше, мәселе қызметтік баяндаманы қазақ тілінде жасағаннан кейін туындаған.

"Жолдасымды ECOil U.A.E. GROUP (күзет қызметі) жұмысынан босатты. WhatsApp желісіндегі хат алмасуларда жұмыстан босатуға оның қазақ тілінде баяндама жасауы себеп болғаны көрінеді. Бұл жағдайды растайтын хат алмасу скриншоттары бар. Осы қаншалықты дұрыс және заңды? Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі", – деп жазды ол.

Екойл2
Фото: скриншот

Жазба авторын жұмыс орнында қызметтік ақпараттың қай тілде берілуі керегіне қатысты талаптың қандай негізге сүйенетіні де толғандырады.

"Егер жұмыс орнында қызметтік баяндамаларға қатысты тіл талабы болса, оның қандай заңға немесе ішкі ережеге сүйенетінін білгім келеді. Қызметкерден тек басқа тілде сөйлеуді талап етуге бола ма? Қазақ тілінде баяндама жасағаны үшін жұмыстан босатуға қандай негіз бар?" – деп сауал тастады ол.

Әйелдің сөзінше, оның  наразылығы жолдасын жұмыстан босатудан гөрі, оған түрткі болды деген себепке қатысты болып отыр.

"Жалпы жұмыстан шығарғаны үшін емес, мемлекеттік тілде, өз тілімізде баяндама жасағаны үшін "жұмыстан кет" дегені қатты ашуыма тиеді. ECOil U.A.E. GROUP компаниясының өкілдерінен осы жағдайға түсініктеме беруін сұраймын. Мәселенің мән-жайын анықтап, мұндай шешімнің қандай негізде қабылданғанын білгіміз келеді. Мен, шыны керек, заң жүзінде жазалағым келеді", – деп түйіндеді жазба авторы.

Жазбадан кейін компания сынға қалды

Әйелдің жазбасы әлеуметтік желіде тарағаннан кейін компанияға қатысты сын көбейді. Желі қолданушылары 2GIS платформасындағы компания парақшасына да пікір қалдыра бастаған. Олардың дені қазақ тіліне қатысты айтылған жағдайға наразылық білдіріп, компанияның әрекетін сынаған. Теріс пікірлер көбейген тұста компанияның 2GIS-тегі бағасы да төмендеген.

Екойл1
Фото: скриншот

Пікір қалдырғандардың бірі мемлекеттік тілге деген мұндай көзқарасты түсінбейтінін жазса, енді бірі Қазақстанда қызметкердің қазақ тілінде сөйлеуі қалыпты жағдай болуы керегін алға тартқан. Кей қолданушылар компаниядан жағдайға түсініктеме беруді талап еткен.

ECOil U.A.E. GROUP тарапы не дейді?

Алайда ECOil U.A.E. GROUP компаниясының заңгері әлеуметтік желіде тараған ақпаратпен келіспейді. Ол көпшілікке ұсынылған скриншоттар оқиғаны біржақты көрсетіп отыр деген пікірде. Бұған қоса, дауға қалған қызметкердің нақты қай мекемеде еңбек еткеніне қатысты да түсініктеме берді.

"Қызметкерді қазақ тілінде сөйлегені үшін ешкім жұмыстан шығарған жоқ. Ол ECOil U.A.E. GROUP компаниясында емес, кәсіпорынға қызмет көрсететін күзет ұйымында жұмыс істеген және жұмыстан өз еркімен кеткен. Әлеуметтік желіде жарияланған хат алмасу толық емес, оның бір бөлігі ғана көрсетілген. Сондықтан қазір жағдай біржақты сипатталып отыр", – деді заңгер.

Даудың өзегіне айналған жұмыс чатындағы тіл мәселесіне де заңгер тоқталды. Ол ондағы өтініштің мәні әлеуметтік желіде сипатталғаннан өзгеше болғанын алға тартады.

"Ұжымда әртүрлі ұлт өкілдері бар, олардың арасында қазақ тілін түсінбейтін қызметкерлер де бар. Жұмыс барысында адамдар бір-бірін түсінуі және жұмыс кідірмеуі үшін ортақ ақпаратты орыс тілінде жеткізу сұралған. Бірақ ешкімге қазақ тілінде сөйлеуге тыйым салынған жоқ. Сол күні хат алмасуда

түсіндіру қазақ тілінде де берілген", – деді ол.

Жарияланған скриншоттардың бірінде "кім келіспесе – қоштасамыз, ешкімді ұстамаймыз" деген мазмұндағы хабарлама бар. Бұл сөздің қандай жағдайда жазылғанына қатысты ECOil заңгері өз уәжін айтты.

"Бұл жерде әңгіме тіл туралы емес, жұмыс тәртібі туралы болған. Хат алмасуды толық қарасаңыз, одан кейін қазақ тілінде де түсіндіру берілгенін көресіз. Сондықтан жекелеген хабарламаларды бүкіл әңгіменің мәнмәтінінен бөліп қарауға болмайды", – деді заңгер.

Екойл 3
Фото: скриншот

Қазір дауға қатысты материалдар құзырлы органдарға да жеткен. Заңгердің сөзінше, ECOil U.A.E. GROUP пен күзет ұйымы сұратылған құжаттарды, соның ішінде хат алмасудың толық нұсқасын тиісті органдарға ұсынған.

Компания өкілі редакцияға ECOil U.A.E. GROUP-тың ресми ұстанымын жазбаша алу үшін сауал жолдауды ұсынды. Stan.kz компанияға ресми сауал жолдайды. Жауап келген жағдайда редакция оны жариялайды.

Қарлығаш Асқарова
Бейсенбі, 17 Қыркүйек, 2026 19:07