Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанның бұрынғы ТЖМ басшысының ұлы Дүниежүзілік жұмыртқа ұйымының басқармасына кірді

Максим Божко
Фото: IQ Club Kazakhstan

Қазақстан Құс өсірушілер одағының өкілі Максим Божко World Egg Organisation (WEO) – Дүниежүзілік жұмыртқа ұйымының басқарма мүшесі болып сайланды. Ол бұл қызметті бес жыл атқарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Осылайша Максим Божко жұмыртқа өндірісі саласындағы халықаралық ұйымның басқарушы органына кірген алғашқы Қазақстан өкілі атанды. WEO әлемнің 80-нен астам еліндегі кәсіпорындар мен сала мамандарының басын біріктіреді.

Сайлау Сингапурда өткен WEO Global Leadership Conference халықаралық конференциясы аясында ұйымдастырылды. Жиында Максим Божко Қазақстандағы құс шаруашылығының даму тәжірибесін әлемдік сала өкілдеріне таныстырды.

 Қазақстан Құс өсірушілер одағы аталған халықаралық ұйымға сегіз жылдан бері мүше. Одақ өкілдерінің айтуынша, қазақстандық маманның WEO басқармасына сайлануы еліміздің халықаралық салалық қауымдастықпен байланысын жаңа деңгейге көтереді.

Ұйымға мүше болу отандық кәсіпорындарға халықаралық стандарттармен, жаңа технологиялық шешімдермен және ғылыми зерттеулермен танысуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ әлемдік нарықтағы өзгерістерге қатысты сараптамалық мәліметтерге қол жеткізіп, қазақстандық өнімнің экспортын кеңейтуге жол ашады.

Максим Божко – "Шанырақ" компаниялар тобының бас директоры әрі ортақ иелерінің бірі. Ол 2007–2014 жылдары Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігін басқарған, кейін өзге де мемлекеттік қызметтер атқарған Владимир Божконың ұлы.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 17 Қыркүйек, 2026 16:47