Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Миллиардер Владимир Кимнің компаниясы "Қазақмысты" 1,2 миллиард долларға сатқан

Владимир Ким
Фото: Фото: HitechGP.

Владимир Ким мен Эдуард Огайға тиесілі Kazakhmys Copper АҚ "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС-нің 99,9 пайыздық үлесін Нұрлан Артықбаевпен байланысты Qazaq Acquisition Corp. Ltd. компаниясына қаншаға сатқаны белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұл туралы Kazakhmys Copper компаниясының 2025 жылғы шоғырландырылған қаржылық есебінде көрсетілген.

Қаржылық есеп депозитарийінде жарияланған құжатқа сәйкес, 2025 жылғы 5 желтоқсанда Kazakhmys Copper "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС-дегі 99,9 пайыздық үлесті Астана Халықаралық Қаржы Орталығында тіркелген Qazaq Acquisition Corp. Ltd. компаниясына сату туралы келісім жасасып, үлесті өткізген. 29 желтоқсанда топ "Қазақмыс корпорациясына" бақылауды толығымен жоғалтқан.

Мәміле бойынша ақшалай өтемақы 595,292 миллиард теңгені құрағаны көрсетілген. Сонымен қатар келісімде мәміле жасалған күнгі таза қарыздың түпкілікті есебіне байланысты бағаны кейіннен түзету қарастырылған.

2025 жылдың соңына қарай мәміле бойынша 61,7 миллиард теңгенің міндеттемесі орындалған. Оның ішінде 10,6 миллиард теңге – 3 қарашада сатушыға байланысты Kazakhmys Holding Group B.V. компаниясы алған және кейін мәміле төлеміне аванс ретінде есептелген. Ал тағы 51,1 миллиард теңгені Kazakhmys Copper 26 желтоқсанда алған.

Осылайша, 29 желтоқсанда сатып алушының алдында 533,612 миллиард теңге көлемінде дебиторлық берешек қалған. 31 желтоқсанда валюта бағамының өзгеруіне байланысты оның баланстық құны 531,465 миллиард теңге болған. Есепке сәйкес, 2026 жылы Qazaq Acquisition Corp. Ltd. бұл дебиторлық берешекті толығымен өтеген.

"Қазақмыс корпорациясының" құрамнан шығуына байланысты Kazakhmys Copper 505,440 миллиард теңге көлемінде кіріс таныған. Алайда бұл көрсеткіш мәміле бағасы емес. Ол құрамнан шығарылған топтың таза активтерін ескере отырып есептелген.

"Қазақмыстың" бұрынғы және жаңа акционерлері туралы не белгілі?

2026 жылғы қаңтарда басылым швейцариялық трейдер Mercuria Energy Group Нұрлан Артықбаевқа "Қазақмысты" сатып алуды қаржыландыру үшін 1,2 миллиард доллар көлемінде қаржы бергенін жазған. 2025 жылғы желтоқсандағы орташа айырбас бағамы 1 доллар үшін 511,46 теңге болғанын ескерсек, Kazakhmys Copper жариялаған 595,3 миллиард теңге шамамен 1,16 миллиард долларға тең.

KASE мәліметінше, 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Kazakhmys Copper компаниясының жалғыз акционері – жеке компания KCC Copper Limited. KCC Copper Limited 2025 жылғы қарашада тіркелген және холдингтік қызметпен айналысады. Оның жалғыз акционері – Kazakhmys Holding Limited. Бұл компания да Астана Халықаралық Қаржы Орталығында тіркелген. Оның акционерлері – бизнесмендер Владимир Ким мен Эдуард Огай.

2026 жылғы тамызда Kazakhmys Copper компаниясының жалғыз акционері компанияның жай акцияларын KASE-ден ерікті түрде делистинг жасау туралы шешім қабылдаған.

Еске салсақ, бұған дейін "Қазақмыс" корпорациясы Qazaq Stroy компаниясының басқаруына өткені туралы жазған едік. Акционер ауысқан соң "Қазақмыс" корпорациясын Руслан Өскенәлі басқаратын болды. Артынша Qazaq Stroy компаниясының "Қазақмыс" корпорациясын сатып алуына швейцариялық компания қолдау көрсеткені белгілі болған.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 17 Қыркүйек, 2026 19:40