Түркістан облысында 17 жастағы жігітті атып өлтіргендерге қатысты сот үкімі шықты
Түркістан облысында 17 жастағы жігітті атып өлтірген қылмыскерлерге сот үкімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жолда тұрған жазықсыз адамдарға оқ жаудырғандар осыған дейін де істі болған. Күдіктілер бұған дейін қарақшылық жасап түрмеге түскен. Бұл жолы олар жиырма жылға бас бостандығынан айырылды.
Алайда марқұм Төрехан Төреәлінің ата-анасы: "Іс мұнымен біткен жоқ" дейді. Себебі жауапқа тартылған топ құрамындағы біреуі бір жылдан бері сол күйі ұсталмаған.

Түн ішінде қамсыз тұрған бір топтың жанынан алдымен екі көлік өтеді. Оған аса мән берме қоймаған жігіттерге бір кезде бетперде киген белгісіз біреулер келіп, оқ жаудырған. Олар тіпті қашып үлгермеген. Ақыры төрт адам жараланып, бірі ауруханада қайтыс болған. Ол енді ғана мектеп бітірген 17 жастағы Төрехан Төреәлі еді.
"Дәріханаға барған. Дәріханадан шығып тұрған. Бір-екі минуттың ішінде болған оқиға ғой. Негізі нысан басқа жәбірленушіге болған. Ол жерде үш адам үш қару ұстап, 7-8-9 рет атқан. Қорқыту мақсаты болса, сонша рет атпайды ғой адам. Сонымен қатар тіке адамдарға көздеп атқан. Оның бәрі дәлелденіп тұр", – дейді Түркістан облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Дәурен Мадалиев.
Бір жыл бұрын болған қанды қылмысқа бүгін сот үкімі шықты. Бұған дейін істі болған үш адам 18 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
Олар Самат Шоқанов, Шерхан Жақсыбай мен Расул Тілеубердиев. Ал қылмысты біле тұра хабарламаған екі сыбайласы екі жылдан үш жылға дейін түрме жазасын арқалады. Тағы бір айыпталушы қылмысты ашуға көмектескені үшін сот залынан босатылды.
"Келісемін, Шоқанов Саматқа 20 жыл берді. Қалған үшеуі босатылған жоқ. Қосаев қана босатылды. Ол шешімге көңілім толған жоқ. Оны да соттау керек еді негізі. Жазасын 2 жыл болса да, үш жыл болса да алу керек еді. Құдайға тапсырдым", – деді марқұмның анасы Эльмира Айдаралиева.
Айта кетейік, бұл істе тағы жетінші фигурант бар. Ол да қару алып оқ кезенгендердің бірі болуы мүмкін. Алайда арада жыл өткеніне қарамастан күдікті сол күйі ұсталмады.
Еске салсақ, осыған дейін Түркістан облысында атыс болып, 17 жастағы жасөспірім қаза тапғанын жазғанбыз.
Куәгерлердің сөзінше, бетперде киген қарулы үш адам ауылдастарымен сөйлесіп тұрған жастарға оқ жаудырған. Марқұмның анасы ұлының көзі ауырып, ағасымен бірге дәріханаға шыққанын, кейін атыс болғанын естігенін айтты. Оның сөзінше, Төрехан көліктің астына бүгіліп тығылғанымен, шабуыл жасағандардың бірі оны желкесінен ұстап, жүрек тұсынан атқан.
Жәбірленушілердің бірі шабуылшылардың бетперде кигенін және не себепті оқ атқанын білмейтіндерін айтты. Олардың болжамынша, күдіктілер басқа адамды көздеп келген болуы мүмкін. Іс бойынша барлығы жеті адам күдікке ілінген. Олардың бірі іздеуде, қазіргі таңда тергеу органдары жұмыс жүргізіп жатыр. Қалған алты адам сот алдына келді.
"Қазақстан аруы" Алина Ри "Ғалам аруында" киетін 30 келілік костюмін көрсетті