Автобуста музыканы қатты қойсаңыз, айыппұл төлейсіз: Сингапур қоғамдық көліктегі тәртіпті күшейтті
Сингапурда автобуста музыканы немесе видеоны дауыстап қосқан, орындыққа аяғын қойған, тамақ ішкен немесе қоқыс тастаған жолаушыларға енді айыппұл салынады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Жаңа ереже бойынша мұндай тәртіп бұзғандар 500 Сингапур долларына (шамамен, 174 мың теңге) дейін, яғни шамамен 391 АҚШ доллары көлемінде айыппұл төлеуі мүмкін.
Ал қоғамдық көлікте немесе автобус терминалында басқа жолаушыларға кедергі келтіріп, қауіп төндіргендерге жаза әлдеқайда қатаң. Автобустың, автобус айырбастау бекетінің немесе терминалдың ішін әдейі ластағандарға да 5 мың Сингапур долларына (шамамен 1,74 млн теңге) дейін айыппұл қарастырылған.
Сингапурдың Құрлық көлігі басқармасы жаңа талаптар қоғамдық көлікті барынша қауіпсіз, жайлы әрі мәдениетті ортаға айналдыру үшін қабылданғанын мәлімдеді.
Жаңа ережелер дүйсенбі күні жарияланды. Олар Сингапурдың MRT деп аталатын метро жүйесінде бұрыннан қолданылып жүрген талаптармен біріздендірілген.
Мәселен, метрода тамақ ішкен жолаушыларға бұрыннан жаза қолданылып келген. Ал автобустардағы мұндай тәртіп бұзушылықтар осы уақытқа дейін көбіне тасымалдаушы компаниялардың ішкі ережелерімен реттелетін. Жүргізуші жолаушыға ескерту жасап, қажет болса, автобустан түсуді талап ете алатын.

Енді өзгелердің мазасын алатын мұндай әрекеттер ресми түрде құқықбұзушылық санатына енгізіліп, сол жерде-ақ айыппұл салуға негіз болады.
Айыппұл салу құқығы арнайы уәкілеттік берілген автобус қызметкерлеріне, соның ішінде билет тексерушілер мен автобус терминалдарының қызметкерлеріне беріледі. Олар ереже бұзды деген күдікке ілінген жолаушыға ресми ескерту немесе хаттама рәсімдей алады.
Ал Сингапурда “капитан” деп аталатын автобус жүргізушілеріне мұндай өкілеттік берілмейді. Билік жүргізушінің негізгі міндеті – автобусты қауіпсіз басқару деп есептейді.
Дегенмен жүргізуші қоғамдық тәртіпті бұзған жолаушыдан әрекетін тоқтатуды талап ете алады. Егер жолаушы ескертуге құлақ аспаса, оны автобустан түсіруі мүмкін. Ал жағдай күрделенсе, полиция шақырылады.
Сингапур қоғамдық көліктегі тыныштықты заңмен қорғауға тырысып жатқан жалғыз ел емес.
Әлемнің бірқатар қаласында жолаушылар саны көбейген сайын автобустар мен пойыздардағы тәртіпке қойылатын талаптар да күшейіп келеді. Көлік басқармалары ортақ кеңістікте өзгелерге кедергі келтіретін әрекеттерге қарсы нақты шара қабылдай бастаған.
Мәселен, биыл Польшаның Краков қаласында да ұқсас талаптар енгізілді. Енді қоғамдық көлікте телефоннан немесе басқа электронды құрылғыдан қатты дыбыс шығарып, салондағы тыныштықты бұзған адамға 200 злотыйға дейін, яғни шамамен 52 АҚШ доллары көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.
Ұлыбританияда да пойыздар мен теміржол вокзалдарында қоғамға кедергі келтіретін әрекеттерге тыйым салынған. Соның ішінде өзгелердің мазасын алатындай етіп, рұқсатсыз дыбыс шығаратын құрылғыларды пайдалануға болмайды.
Тіпті кейбір британ саясаткерлері қоғамдық көліктің барлық түрінде құлаққапсыз музыка немесе видео қосатын жолаушыларға арнайы айыппұл енгізуді ұсынған.
Мұндай жолаушыларды Ұлыбританияда кейде “headphone dodgers”, яғни құлаққап тақпай, телефонның дауысын сыртқа шығарып тыңдайтындар деп атайды.
Ұсыныс қабылданса, мұндай әрекет үшін айыппұл көлемі 1 мың фунт стерлингке дейін жетуі мүмкін.
Сингапур, Краков және Ұлыбританиядағы бұл шаралар қоғамдық көлікте жолаушылардың тыныштығын қорғауға көбірек мән беріле бастағанын көрсетеді.