Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

14 жастағы жасөспірім өзін 45 мың долларға сатпақ болған ата-анасына сотта кешірім берді

Сот залы
Фото: Stan.kz/Жасанды интеллект

Өзбекстанда 14 жастағы жасөспірімді анасы мен өгей әкесі 45 мың долларға (шамамен 22,5 миллион теңге) сатпақ болған. Сот отырысында бала ата-анасына ешқандай шағымы жоқ екенін айтып, оларға жеңілдік жасауды сұраған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Daryo басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Оқиға Қашқадария облысында болған. Іс материалдарына сәйкес, әйел бұрынғы некесінен 2011 жылы туған ұлын тәрбиелеп келген. 2019 жылы әйел қайта тұрмысқа шығып, кейін отбасында тағы бір бала дүниеге келген.

Сот барысында ерлі-зайыптылар қаржылық қиындыққа тап болып, қарызға батқандарын мәлімдеді. Олардың айтуынша, ақша тапшылығы үлкен баласын сатуға шешім қабылдауына түрткі болған.

"Біз ақша табудың кез келген жолын іздедік. Ақыры қарыздарымызды өтеу үшін үлкен ұлымызды сатуға шешім қабылдадық. Кейін бұл туралы танысымның біріне айттым", – деді әйел.

Таныстары арқылы ерлі-зайыптылар баланы сатып алуға келісім берген адамды тапқан. 2025 жылдың жазында ата-анасы 14 жастағы ұлымен бірге кездесуге барған.

Тараптар 14 жастағы жасөспірімді 45 мың долларға, яғни шамамен 22,5 миллион теңгеге "бағалап", келісімге келген.

Алғашқыда ата-анасы 30 мың доллар алуы тиіс болған. Қалған 15 мың долларды сатып алушы 15 күннен кейін беруге уәде еткен. 

Алайда ерлі-зайыптылар мәмілені аяқтап үлгермей жатып, бөлмеге ішкі істер органдарының қызметкерлері кірген. Жасөспірімнің анасы мен өгей әкесі алдын ала арнайы химиялық затпен өңделген ақшамен ұсталған.

Сот барысында жасөспірімнің өгей әкесі өз кінәсін мойындады. Сонымен қатар ер адам баланы сату туралы ұсынысты алғашында әйелі жасағанын айтты.

Баланың анасы да оның сөзін растады. Сотталушылардың екеуі де болған жағдайды қаржылық қиындықтармен және қарыздарын өтеу қажеттілігімен түсіндірген.

Сот отырысының күтпеген тұсы 14 жастағы баланың берген жауабы болды.

Жасөспірімнің айтуынша, анасы мен өгей әкесі оны басқа отбасына бермек болғанын алдын ала айтқан. Бала бұл шешімге қарсылық білдірмегенін және ата-анасының мұндай қадамға ауыр қаржылық жағдайға байланысты барғанын түсінетінін жеткізді.

Сонымен қатар жасөспірім анасы мен өгей әкесіне ешқандай шағымы жоқ екенін айтып, ата-анасына жеңілдік жасауды сұрады.

Баланың жауабына қарамастан, сот ерлі-зайыптылардың екеуін де адам саудасына қатысты кінәлі деп таныды.

Анасы мен өгей әкесінің әрқайсысы үш жылға бас бостандығынан айырылды.

Еске салсақ, бұған дейін ерлі-зайыпты несиесін жабу үшін туған сәбиін сатпақ болғаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 23 Қыркүйек, 2026 22:56