Қазақстанда әйел жаңа туған нәрестесін әлеуметтік желі арқылы 800 мың теңгеге сатпақ болған
Павлодарда жүкті әйел жаңа туған қызын 800 мың теңгеге сатпақ болған. Ол сәбиді дүниеге әкелгеннен кейін баланы сатып алушыға медициналық құжаттарымен бірге беріп, 100 мың теңге алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сот мәліметінше, 24 жастағы Түркістан қаласының тұрғыны қаржылық қиындықтарға байланысты жүкті кезінде дүниеге келмеген сәбиін ақшаға сатуды жоспарлаған. Кейін ол "ВКонтакте" әлеуметтік желісіндегі "бала асырап алғым келеді" атты қауымдастықта хабарландыру жариялаған. Солай сатып алушы тауып, жаңа туған қыз баланы 800 мың теңгеге сатуға келіскен.
“28 наурызда әйел Павлодар облыстық №1 перинаталдық орталығында дені сау қыз баланы дүниеге әкелді. Қала прокуратурасы жедел-іздестіру іс-шаралары мен жасырын тергеу арқылы 31 наурызда Павлодар қаласындағы пәтерлердің бірінде әйелдің әрекетін әшкереледі. Ол жаңа туған нәрестені медициналық құжаттарымен бірге сатып алушыға тапсырып, 100 мың теңге көлемінде сыйақы алған”, – делінген хабарламада.
Сот әйелді баланы сатқаны үшін кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айырды. Алайда оның жазасын өтеуі 5 жылға кейінге қалдырылды. Прокуратура балаларды заңсыз сатуға қатаң жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.
Павлодарды "біздікі" деген ресейлік стример Fassoollka жауапқа тартыла ма? Заңгер түсіндірді
