Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дәрігерден медбикеге дейін ақша сұрайды: Қазақстандық келіншектер перзентханадағы былықтарды ашты

Перзентханадан шығару
Фото: ЖИ

Желіде қазақстандық келіншектер перзентханадан шығар сәтте медбикелердің “көрімдік" сұрауын қызу талқылап жатыр. Желі қолданушыларының айтуынша, кейбір мемлекеттік перзентханаларда медицина қызметкерлері нәрестені әкесіне табыстар алдында көрімдік беруді ашық сұрайды. Бұл жағдайды біреулер қалыптасқан дәстүр десе, енді бірі қызметтік әдепке қайшы әрекет деп бағалады. Stan.kz желідегі пікірлерге шолу жасады.

Бұл тақырыптағы жазбаны әлеуметтік желі қолданушысы жариялаған. Оның айтуынша, мемлекеттік перзентханада медбике жолдасынан көрімдік сұрап, тіпті ақшаны көліктен әкелгенше күтіп тұрған.

"Неге перзентханадан шыққанда медбикелер көрімдік сұрайды? Мемлекеттікте неге олай сұрайды? Беретін адам бар, бере алмайтын адам бар. Бүгін көрген жағдайымда “сөмке көлікте” десе де күтіп тұрды. Бұл санасыздықтың қай шегі? Жалақыларына риза болсын. Арсыздық бірінші орында", – деп жазды автор.

Жазбаға тіркелген видеода медбике нәрестені әкесіне ұстатып жатып:

"Кішкентайды көрімдік беріп аламыз", – дейді.

“Көрімдік қалыпты нәрсеге айналған”

Осыдан кейін желіде қызу пікірталас басталып, көпшілік мұндай әрекеттің қаншалықты заңды әрі этикалық екеніне қатысты ойын білдіре бастады. Пікір қалдырғандардың басым бөлігі авторды қолдап, мұндай жағдайды өздерінің де бастан өткергенін жазды. Олардың сөзінше, кейбір перзентханаларда көрімдік сұрау қалыпты жағдайға айналып кеткен.

Бір желі қолданушысы тіпті ақша бермеген аналарға дұрыс күтім көрсетілмейді деп есептейді.

"Көрімдік қазір қалыпты нәрсеге айналған. Акушеркалар ақша берсең ғана қарайды. Ақша бермесең, тіпті дұрыс тікпейді", – деп жазды ол.

Тағы бір келіншек босану кезінде көмектескен медицина қызметкерлеріне алғыс ретінде ақша бергенімен, шығарып салған қызметкерге көрімдік беруді түсінбейтінін айтты.

"Туғанымда акушер мен санитарға бердім. Бірақ шығарда ешкімге бермейміз деп шештік. Сонда қызымды киіндіріп жатып, "енді сіз шықсаңызшы" деп ақша күтіп тұрғанын байқап қалдым", – дейді желі қолданушысы.

Көпшілік перзентханадан шығарып салатын медбикелерді сол күні алғаш көретіндерін айтып, соған қарамастан олардың көрімдік сұрайтынына таңғалған.

"Шыққанда алып шығатын медбикелерді сол жерде бірінші рет көресің ғой. "Мен сізді шығарамын" деп өзі келеді", – деп жазды тағы бір әйел.

“Ол медбикені бірінші рет көрдім”

Тағы бір қазақстандық қызы дүниеге келген күні болған жағдайды еске алып, нәрестені медбике күйеуіне бірден ұстатпай, көрімдік күткендей әсер қалдырғанын айтты.

"Қызымды шығарарда бір медбике ұстап тұрып алды. Күйеуім 5 мың теңге берген соң ғана "алыңыз" деп баланы әкесіне ұстатты. Қазір ойласам, ол медбикені шығар күні ғана көрген екенмін. Неге ақша бергенімізді түсінбеймін", – дейді пікір иесі.

Желі қолданушыларының бір бөлігі мұндай әрекетті заңға қайшы деп бағалап, мемлекеттік мекемеде ақша сұрауға жол берілмеуге тиіс екенін айтты.

"Бере саласың ғой, бірақ бұл заңға қайшы нәрсе. Біреудің жағдайы бар, біреудікі жоқ. Әр адамнан осылай сұрай берсе, онда жалақыны не үшін алып жүр?" – деп жазды олар.

Дегенмен пікір білдірушілердің арасында босану кезінде жанында болып, күтім көрсеткен акушерлер мен санитарларға ризашылық ретінде көрімдік беруді дұрыс санайтындар да болды.

"Акушер-гинеколог пен санитаркаға берген дұрыс. Олар шынымен еңбек етеді, ананың жағдайына қарайды", – деп пікір қалдырғандар бар.

“Күзетшіге дейін көрімдік сұрады”

Ал кейбірі көрімдік сұрау тек медицина қызметкерлерімен шектелмейтінін айтып, перзентхананың қақпасын ашып-жабатын қызметкердің өзі күйеуінен ақша талап еткенін жазған.

"Екінші қызымды босанғанда қақпаны ашып-жабатын көкенің өзі көрімдік сұрап, күйеуімнің соңғы ақшасын алған", – деп еске алды желі қолданушысы.

“Қазір ешкім сүйінші әкелмейді”

Бұл мәселеге қатысты үш баланың анасы, алматылық Гауһар өз тәжірибесін бөлісті. Оның айтуынша, үш перзентін де Алматыдағы мемлекеттік перзентханаларда дүниеге әкелген.

Алғашқы баласын 2020 жылы №1 перзентханада босанған. Ол кезде жас болғандықтан көрімдік беру дәстүріне мән бермегенін айтады.

“Тұңғышымды босанғанда ешкімге ақша берген жоқпыз. Алғашқы босануым болған соң өзім де ештеңе білмедім. Дәрігерлерден жылы сөз де, қатты сөз де естідік. Карантин кезі болғандықтан, жағдайы жақсы аналарды екінші күні-ақ шығарып жатты. Дәлізде медбикелердің “қазір ешкім сүйінші әкелмейді” дегенін естігенім бар. Бірақ біз шығарып берген апайларға ештеңе бермедік”, – дейді ол.

Екінші сәбиін 2022 жылы дәл осы перзентханада дүниеге әкелген. Бұл жолы дәрігермен алдын ала сөйлесіп, кейін медицина қызметкерлеріне ризашылық ретінде көрімдік берген.

“Бұл жолы бәрі жақсы өтті. Өзім де тәжірибелі болдым. Шыққанда алғысымызды айтып, көрімдігін беріп кеттік”, – дейді ана.

Ал биыл үшінші баласын №2 перзентханада босанған. Гауһар медицина қызметкерлерінің қарым-қатынасына көңілі толғанымен, перзентханадағы тұрмыстық жағдайды сынға алды.

“Барлығы жақсы қарады. Бірақ ғимарат ескі. Босану бөлмесі тар болғандықтан, серіктесімді сыртқа шығарып жіберді. Босанғаннан кейінгі палаталардағы төсектер де әбден ескірген. Қай жағына жатсаң да ойылып кетеді. Қасыңда жаңа туған сәби жатқанда бұл өте ыңғайсыз. Соған қарамастан аман-есен босанғаныма шүкіршілік етіп, апайларға көрімдігімізді беріп қайттық”, –  дейді ол.

Оның айтуынша, көрімдік ата-ананың өз еркімен, ризашылық ретінде берілсе бір басқа, алайда оны күту немесе сұрау дұрыс емес.

“Дәрігер әріптесе арқылы ақша сұрады”

Үш баланың анасы Қарашаш үш перзентін үш түрлі қалада – Семейде, Шымкентте және Астанада дүниеге әкелген. Оның айтуынша, Семей мен Астанада медицина қызметкерлері ешқандай ақша бермесе де өзіне де, сәбиіне де тиісті күтім көрсеткен.

Ал Шымкенттегі тәжірибесі мүлде басқаша болғанын айтады. Оның сөзінше, дәрігерлердің қарым-қатынасы ақшаға тікелей байланысты болған.

“2022 жылы Шымкентте босандым. Бұл жақта дәрігерлер ақшасыз мүлде қимылдамайды екен. Ақша бермегендіктен өзім бір жақта, балам бір жақта қалдық. Ақша бергеннен кейін ғана екеуімізге дұрыс қарай бастады. Кейін мені босандырған дәрігер әріптесі арқылы хабарласып, менен ақша сұратты. Ал перзентханадан шығар кезде медбике жолдасымнан көрімдікті ашық сұрады. Сөйтіп ол 5 мың теңге беріп кетті”, – дейді Қарашаш.

Ол үш қаладағы тәжірибесін салыстыра келе, дәрігерлердің көзқарасы әртүрлі болғанымен, нәрестені шығарып салған медбикелерге көрімдік беру барлық жағдайда дерлік кездескенін атап өтті.

“Перзентхана қорына” деп ақша сұраған”

Үш баланың анасы, алматылық журналист Мадина да перзентханадағы ақша сұрауға қатысты өз тәжірибесін айтып берді. Оның сөзінше, дәрігерлер мамандығын білгеннен кейін одан тікелей ақша сұрамағанымен, құжаттарын әдейі бөлек алып қойған.

“2014 жылы екінші қызымды Алматыдағы перзентханалардың бірінде босандым. Құжат толтырғанда менің журналист екенімді көріпті. Содан менен ақша сұрай алмаған сияқты. Басында “ертең шығасыз” деп жүрген, кейін аяқ астынан “шықпайсыз” деді. Менімен бірге босанған әйелдердің бәрін шығарып жіберді. Кешке дәрігерге барсам, менің құжаттарымды бөлек алып қойғанын білдім”, – дейді ол.

Мадинаның айтуынша, перзентханадан шығар кезде де отбасы қосымша төлемге тап болған.

“Сыртта күтіп тұрған күйеуімнен “перзентхана қорына” деп 1000 теңге сұрап алыпты”, –  дейді журналист.

Мадина бұл жүйені қалыптастыруға аналардың өздері де ықпал еткенін айтады. Оның сөзінше, босанған әйелдердің басым бөлігі дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне ақша беруді қалыпты дәстүрге айналдырып жіберген.

“Мың әйелдің 99-ы дәрігерлерге ақша төлеп үйретіп қойған. Сен жалғыз бермеймін десең де, ақыры түрлі жолмен сұрап алады", – дейді ол.

“Әйеліңіздің жағдайы жақсы, рақметіңізді айтпайсыз ба?”

Алматы тұрғыны Айзада мемлекеттік перзентхананың ақылы бөлімінде босанған кезде дәрігерлер мен медицина қызметкерлері тарапынан ақшаға қатысты түрлі ишаралар болғанын айтты.

Оның сөзінше, кезекші дәрігерге түскеннен кейін бір дәрігер келіп, өзі босандыратын дәрігерді таңдаған-таңдамағанын сұраған. Айзада ешкімді таңдамағанын айтқанда, дәрігер өзін таңдауды ұсынып, егер қызметіне қосымша ақы төлесе, ерекше көңіл бөлетінін жеткізген.

“Алғашында бас тарттым. Бірақ кейін дәрігер: “Ойланып көріңіз. Менің қолым жеңіл, маған жете алмай жүрген келіншектер көп” деді. Содан кейін белгілі бір көлемде алғыс айтатынымды айтып келістік”, – дейді ол.

Айзада осыдан кейін дәрігердің өзіне деген қарым-қатынасы айтарлықтай өзгергенін айтады. Оның айтуынша, палатадағы тегін бөлімде жатқан тағы бір әйел толғақ үстінде қатты қиналып, айғайлаған кезде дәрігер оған ұрсып кеткен. Ал өзіне керісінше үнемі жағдайын сұрап, сыпайы сөйлеп жүрген.

Ол кесір тілігі арқылы босанғаннан кейін де ақшаға ишара тоқтамағанын жеткізді.

“Операциядан кейін анестезиолог күйеуіме: “Әйеліңіздің жағдайы жақсы, рақметіңізді айтпайсыз ба?” деген екен. Күйеуім не істерін білмей, оған 40 мың теңге беріпті. Кейін палатаға шыққан соң дәрігерім қайта-қайта келіп, “Сені жақсылап босандырдым ғой” деп алғыс күткендей болды”, – дейді Айзада.

Оның айтуынша, перзентханадан шығар кезде де медбикелердің арасында нәрестені кім алып шығатыны жөнінде талас болған. Айзаданың күйеуі тек торт алып келгенімен, кейбір қызметкерлердің көрімдік күтетінін аңғарған.

Ақша бермесең, дұрыс қарамайды”

Ал Шымкент тұрғыны Файзулла мұндай жағдайдың жиі кездесетінін айтады. Төрт баланың әкесі әр баласы дүниеге келген сайын перзентхана қызметкерлеріне ақша беруге мәжбүр болғанын жасырмады.

“Перзентханадан шығар кезде медбикелердің бәріне 1-2 мың теңгеден ұстатамыз. Себебі олар көрімдікке ишара жасап тұрады”, – дейді ол.

Файзулланың сөзінше, босану кезінде де дәрігерлерге алдын ала ақша берген.

“Ақша бермесең, дұрыс қарамайды ғой. Кейбір дәрігерлер өздері-ақ ишара жасап, ақша сұрайды. Әйеліңнің амандығын ойлаған соң, амалсыз бересің”, – дейді ол.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 29 Шілде, 2026 16:10