Қостанайдағы интернатта 14 жастағы бала көз жұмды: Қызметкерлер аптап ыстық пен кондиционер мәселесін көтерді

Қостанай қаласындағы ерекше әлеуметтік қызмет көрсету орталығында (мүгедектігі бар балаларға арналған интернат) 14 жастағы тәрбиеленуші көз жұмды. Қайғылы оқиға 2026 жылғы 28 шілдеде күндізгі тынығу кезінде болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қайғылы оқиға жөнінде Қостанай облысы әкімдігі Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты "Қостанай арнайы әлеуметтік қызмет көрсету балалар орталығы" КММ қызметкерлері Құқық қорғау орталығына хабарлаған.
Қызметкерлердің айтуынша, баланың жүрегі тоқтап қалған. Олар тәрбиеленушінің жағдайына мекеме ішіндегі аптап ыстық пен ауа жетіспеушілігі әсер етуі мүмкін екенін жоққа шығармайды, тіпті осы жайттың ықтимал себептердің бірі болуы мүмкін деп есептейді. Дегенмен баланың нақты неден қайтыс болғаны медициналық сараптама мен оқиғаға қатысты жан-жақты әрі объективті тексеру нәтижесінде ғана анықталатыны атап өтілген.
Құқық қорғау орталығының мәліметінше, мекеме қызметкерлерінен арнайы чаттағы көптеген аудиохабарламалар келіп түскен. Барлық жазбалар тыңдалғанымен, этикалық себептерге байланысты олар жарияланбайды.
Алайда қызметкерлердің әңгімелерінен олардың балалар орналасқан бөлмелерге кондиционер орнатуды ұзақ уақыт бойы талап етіп келгені белгілі болған. Соған қарамастан бүгінгі күнге дейін балалар жатқан бөлмелерге кондиционерлер орнатылмаған.
Сонымен бірге қызметкерлердің айтуынша, кондиционерлер осы мекеменің әкімшілік-басқару қызметкерлері жұмыс істейтін кабинеттерге орнатылған. Бұл жайт ұжым арасында наразылық туғызған. Егер бұл ақпарат расталса, онда неге қолайлы температуралық жағдай алдымен әкімшілікке жасалып, ал ерекше күтімді қажет ететін балаларға мұндай жағдай қамтамасыз етілмеген деген заңды сұрақ туындайды. Денсаулығы мен өмірі тиісті күтім мен қауіпсіз ортаға тікелей тәуелді балалар үшін мұндай жағдайдың маңызы ерекше екені айтылған.
Құқық қорғау орталығының пікірінше, болған қайғылы оқиға жан-жақты, тәуелсіз әрі объективті тексеруді талап етеді. Тексеру барысында бөлмелердегі нақты температура мен ауа айналымының жағдайы, желдету жүйесінің жарамдылығы, климаттық жабдықтардың болуы мен техникалық жай-күйі, балаға медициналық көмектің уақытылы көрсетілуі, қызметкерлердің бұрын жасаған өтініштері, сондай-ақ мекеме басшылығы мен жауапты мемлекеттік органдардың әрекеті немесе әрекетсіздігі жан-жақты зерделенуі тиіс.
Сондай-ақ орталық қызметкерлердің кондиционер орнату мәселесін бірнеше мәрте көтергені туралы ақпаратқа да құқықтық баға берілуі қажет деп санайды. Егер бұл мәселе алдын ала белгілі болған болса, онда шешімді кім қабылдағанын, балалардың қауіпсіз жағдайын қамтамасыз ету үшін неге қажетті шаралар дер кезінде қабылданбағанын және ықтимал қауіптердің алдын алуға мүмкіндік болған-болмағанын анықтау қажет.
"Қазір мәселе жай ғана тұрмыстық қолайлылық немесе бөлмедегі температура туралы емес. Әңгіме – мемлекеттік мекемеде ерекше күтімді қажет ететін, толықтай ересектердің қамқорлығына тәуелді баланың өлімі және оған қажетті қауіпсіз жағдайдың жасалған-жасалмағаны туралы", – делінген хабарламада.
Құқық қорғау орталығы 2026 жылдың қаңтар–наурыз айлары аралығында аталған мекемедегі арнайы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесінің жай-күйіне қатысты бірнеше материал жариялағанын да еске салды.
Осыған байланысты ұйым Қостанай облысының әкімдігі, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, денсаулық сақтау органдары мен құқық қорғау органдары тарапынан ресми әрі мазмұнды түсініктеме беріле ме деген мәселені көтеріп отыр.
Айта кетейік, қазір баланың өліміне қатысты мемлекеттік органдар ресми түрде нақты себепті жариялаған жоқ. Өлімнің нақты себебі сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады.
Еске салайық, былтыр 3 қарашада Түркістан қаласындағы зират маңынан 15 жастағы 9-сынып оқушысы Мейіржан Нұржанұлының мәйіті табылған еді. Тергеу мәліметінше, жасөспірім құрдастарының соққысынан көз жұмған. Марқұмның туыстары төрт оқушы мектеп оқушыларынан ақша талап етіп, оларды соққыға жыққанын, салдарынан Мейіржан есінен танып, оқиға орнында қайтыс болғанын мәлімдеген. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер ұсталған еді.
Қазақстанда ислам ипотекасы қашан іске қосылады және ол қалай жұмыс істейді
Оқыңыз