Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атыраудағы мектеп-интернатта 4-сынып оқушысы соққыға жығылды: Анасы жоғары сынып оқушыларының жазалануын талап етті

4-сынып оқушысы әлімжеттік
Фото: Сюжет кадрларынан скрин

Атыраудағы мектеп-интернатта 4-сынып оқушысының соққыға жығылғаны туралы ақпарат қоғамда алаңдаушылық туғызды. Баланың анасы ұлы жоғары сынып оқушыларының әлімжеттігі салдарынан басынан жарақат алып, денсаулығы күрт нашарлағанын жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

4-сынып оқушысы Рамазан Бисенғалидың анасы Меруерт Ділмұхашева ұлына қорлық көрсетті деген оқушылар жауапкершілікке тартылсын деп құзырлы органдардан көмек сұрап отыр.

Оқиға осыдан бес ай бұрын қаладағы мектеп интернаттарының бірінде болған. Анасының айтуынша, 4-сыныптағы ұлына 3 пен 8 сыныпта оқитын балалар әлімжеттік көрсеткен. Оңбай таяқ жеген Рамазан қатты соққыдан соң басынан жарақат алған. Осы жағдайдан кейін онсызда психикалық дамуы тежелген баланың жағдайы күрт нашарлаған.

“Үйге келгенде баламның көзі қызарып, арқасы ісіп, бетінің бірнеше жері көгеріп тұрды. Сол оқиғадан кейін баламның денсаулығы күрт нашарлады. Өзінің айтуынша, Жақсылық деген бала итеріп жібергенде жерге етпетінен құлаған. Кейін Альбина басынан басып кеткен. "Сол кезде апайға қарасам, ол телефонға қарап отырған екен. Одан кейін не болғанын есіме түсіре алмаймын” дейді балам”, – деді анасы. 

Білім басқармасындағылар бұл оқиғаға қатысты мектеп директорына ескерту түрінде тәртіптік жаза берілгенін хабарлады. Ал соққы алған оқушыға қатысты тиісті медициналық көмек көрсету жөнінде денсаулық сақтау басқармасына хат жолдапты.

“11.03.2026 жылы бейнебақылау жазбасын қарау мәселесі бойынша техникалық ақауларына байланысты аталған күннің жазбасы сақталмағаны анықталды. Тексеру нәтижесінің қорытындысымен директорға өзіне жүктелген лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін  Еңбек Кодексінің 64-бабы 1-тармағы 1- тармақшасына сәйкес білім бөлімінің 2026 жылғы 17 сәуірдегі № 76 бұйрығымен “ескерту” түрінде тәртіптік жазасы берілді”, – деді қалалық білім басқармасы. 

Ал полиция қазір оқиғаға қатысты тиісті тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.

“Аталған факті бойынша полиция тарапынан тиісті тексеру жұмыстары жүргізіліп, оқиғаға қатысы бар тұлғалардан түсініктеме алынды. Оқиғаның мән-жайын жан-жақты қарап, алдағы уақытта осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында Атырау облысының білім саласындағы сапаны қамтасыз ету департаментіне хат жолданып, бейнебақылау жүйесінің үздіксіз әрі сапалы жұмысын қамтасыз ету бойынша ұсынымдар берілді”, – деді ведомсвто. 

Stan.kz
Бейсенбі, 16 Шілде, 2026 10:19