Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бір бие, бір жабағыдан бастадық": 40 жылдан бері жылқы баптап жүрген отбасы қымызмұрындықтың мәнін түсіндірді

Қымыз шаруашылығы
Фото: Ерлі-зайыпты Ғарифолла Тасжанов және Қастерлі Жолдыбалина

Қымызмұрындық жай ғана алғашқы қымыздан дәм тататын рәсім емес. Бір кездері ұмыт бола бастаған көне дәстүр бүгінде қайта жаңғырып келеді. Осы ретте Stan.kz тілшісі Ұлытау облысы, Жаңаарқа өңірінде қырық жылға жуық жылқы шаруашылығымен айналысып келе жатқан ерлі-зайыпты Тәшжановтармен тілдесіп, қымызмұрындықтың қалай өтетінін, қандай салт-жоралғылар сақталғанын және неліктен бұл дәстүрдің бүгінгі қоғам үшін маңызы зор екенін сұрап көрді.

Ұлытау облысы, Жаңаарқа өңірінің тумалары Ғарифолла Тасжанов пен жұбайы Қастерлі Жолдыбалина жылқы шаруашылығымен 40 жылға жуық уақыттан бері айналысып келеді. Ерлі-зайыптылардың айтуынша, бөлек шаңырақ көтергеннен кейін істі бір бие мен бір жабағыдан бастаған. Уақыт өте келе шаруашылықтарын кеңейтіп, ата-бабадан жалғасқан кәсіпті үзбей жалғастырып келеді. Қымыз баптап, қымызмұрындық дәстүрін жаңғыртып жүрген отбасы үшін бұл тек күнкөріс көзі ғана емес, ұлттық мұраны кейінгі ұрпаққа жеткізудің бір жолы дейді.

қымызды ыстау
Фото: Қастерлі Жолдыбалинаның жеке архивінен

Отбасының отанасы Қастерлі Жолдыбалинаның сөзінше, қымыздың сапасы туралы сөз болғанда көпшілік ашыту тәсіліне немесе дайындалу технологиясына мән береді. 

"Қымыздың дәмі мен сапасына ең алдымен жылқының жайылымы әсер етеді. Жылқыны бір орында ұстап немесе үнемі қуалай беруге болмайды. Ол күн сайын тұщы су ішіп, жайылымын ауыстырып жайылғанда ғана ағзасы дұрыс қалыптасады. Қыста да жем-шөбі сапалы болуы керек, тек кебекпен бағу жеткіліксіз. Сондықтан қымыздың сапасы толықтай жылқының күтіміне, жеген азығы мен ішкен суына байланысты", – дейді Қастерлі Жолдыбалина.

Қымыз – қазақ үшін жай ғана сусын емес, жаздың басталғанын, береке мен молшылықтың келгенін білдіретін қасиетті дәм. Сондықтан алғашқы қымызды жалғыз ішу әбестік саналып, ауыл-аймақ болып бөлісу дәстүрге айналған дейді жаңаарқалық шаруа.  Оның айтуынщша, қымызмұрындық мамырдың соңы мен маусымның басында, бие байланғаннан кейін алғашқы қымыз піскен кезде өткізілген. 

"Бие байланғаннан кейін алғашқы күні міндетті түрде шелпек пісіріп, қаймақ қайнатамыз. Ең әуелі сол алғашқы қымызды көрші-қолаңға ауыз тигіземіз. Қымызды сыртқа шығармай тұрып, алдымен көршілер келіп, дәм татады. Осы кезде Құран бағыштап, аруақтарға дұға жасаймыз. "Алғашқы қымыздың шарапатын аруақтар көрсін" деген ниетпен бәріміз бірге отырып, шүйіркелесіп тарқасамыз", – деп түсіндірді шаруа.
жылқы баптау
Фото: Қастерлі Жолдыбалинаның жеке архивінен

Бұрын осы күні ауылдың сыйлы әулеті елді қонаққа шақырып, жаңа ашытылған қымыздан дәм татқызған. Мерекеге көрші ауылдардың адамдары да жиналып, қымыз ортақ дастарқанның, береке мен бірліктің белгісі ретінде ұсынылған екен.

"Қымызмұрындық" атауының өзі бұл дәстүрдің мәнін айқын аңғартады. Қазақ ұғымындағы "мұрындық" бір істің басталуына куә болып, алғашқы дәмнен ауыз тию деген мағынаны білдіреді. Сондықтан қымызмұрындық – жай ғана қымыз ішу емес, жаздың берекесі мен молшылық маусымының басталғанын жариялайтын ерекше рәсім. Алғашқы қымыз ешқашан бейберекет ұсынылмаған. Сабаға құйылған қымыз ағаш ожаумен немесе тостағанмен алдымен ауылдың ақсақалдары мен сыйлы қонақтарына ұсынылып, содан кейін ғана қалған жұртқа таратылған. Осылайша үлкенге құрмет көрсетіліп, ақ батамен жаңа маусымның ырысы тілеген", – дейді Қастерлі Жолдыбалина.

Қастерлі Жолдыбалина бала күніндегі қымызмұрындықтың қазіргі мерекеден өзгеше болғанын айтады. Әсіресе кеңестік кезеңде ұлттық салт-дәстүрлердің ашық дәріптелуіне мүмкіндік аз болғанын еске алды.

"Біздің бала күніміздегі қымызмұрындық қазіргісіндей ауқымды болмайтын. Кеңес үкіметі кезінде ұлттық дәстүрлерге онша мән берілмеді. Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана қымызмұрындық қайта жаңғырып, кең көлемде тойлана бастады. Қазір ұлттық ойындар ұйымдастырылып, жастардың өзі белсенді араласып жүргеніне қуанамыз. Осылай дәстүріміздің қайта жанданып жатқанын көрсетеді. Ат жарысы, тай жарысы, ұлттық спорт түрлері ұйымдастырылады. Көктемнен аман шыққан елдің көңіл күйі де ерекше болады. Бие байланып, қымыз ашытылған кезде адамдардың бір-біріне деген мейірімі артып, ауылдың берекесі кіргендей әсер қалдырады. Осындай дәстүрлер ұрпақтан ұрпаққа жалғаса берсе екен дейміз", – дейді жаңаарқалық кәсіпкер.

жаңаарқа
Фото: Қастерлі Жолдыбалинаның жеке архивінен

Қастерлі Жолдыбалинаның айтуынша, Тәуелсіздік жылдарынан бері ұмыт бола бастаған көптеген ұлттық дәстүр қайта жаңғырған. Соның бірі – Жаңаарқа өңірінде өтетін "Көкмайса" мерекесі. Оның сөзінше, бұл да қымызмұрындыққа жақын дәстүрлі мереке. Бұдан бөлек Қастерлі Жолдыбалина қымызға қатысты өңірде түрле еске қалатын ерекше оқиғалар өткізелетінін айтады.

"Мысалы, 2019 жылы Жаңаарқада "Мың күбі" атты ерекше шара ұйымдастырылды. Оған ауданның барлық 13 ауылдық округінен адамдар жиналып, бір мезетте мың күбіге қымыз құйылып пісілді. Жалпы, 10 тонна қымыз әзірленді. Осы іс-шараға арнайы халықаралық өкілдер келіп, рекордты тіркеді. Сол күні Жаңаарқаның қымызының ерекшелігі тағы бір мәрте дәлелденді. Жалпы, Жаңаарқаның қымызы ертеден-ақ өзінің дәмімен, сапасымен танылған", – дейді жаңаарқалық кәсіпкер.
Балқымыз
Фото: Қастерлі Жолдыбалинаның жеке архивінен

Кәсіпкердің айтуынша, қымызмұрындық секілді мерекелер жастардың дәстүрге деген қызығушылығын арттырады. 

"Қазір әсіресе ауыл жастары ұлттық ойындар мен мерекелерді өздері ұйымдастырып жүр. Көкпар, бәйге, балуан күресі сияқты жарыстар өткізіледі. Ауылдың аға буыны мен демеушілер бәйге тігіп, қолдау көрсетеді. Балалар қозы көтерсе, үлкендер өгіз көтеру сияқты күш сынасу сайыстарына қатысады. Осындай шаралар жастардың ұлттық дәстүрге деген қызығушылығын арттырып келеді", – дейді Қастерлі Жолдыбалина.

Сонымен қатар Қастерлі Жолдыбалина көпшілік неліктен Жаңаарқаның қымызының дәмі ерекше екенін және оның сыры неде екенін айтып берді. Оның ең басты сыры Жаңаарқаның табиғаты мен жайылымында дейді кәсіпкер. 

"Бүгінде Қымызға деген сұраныс өте жоғары. Жақсы қымыз қашанда өтімді. Біздің ауылда қымызды өте сапалы дайындайтын адамдар көп. Той-томалақта, ас беруде, қыз ұзатуда, келін түсіруде, тіпті күнделікті дастарқанда да қымыздың орны ерекше. Сондықтан жақсы қымыз әрдайым сұранысқа ие. Жылқы мен қымыз – қазақтың ұлттық бренді екеніне толық келісемін. Бұл мұраны сақтау үшін ең алдымен жастар ауылда қалып, ата кәсіпті жалғастыруы керек. Өкінішке қарай, қазір жастардың көбі қалаға кетіп, қайта оралмай жатады. Дегенмен жылқы шаруашылығын дамытып, жеке қожалықтар ашып жүрген жастар да бар. Осындай бастамаларды көбейту қажет", – деп Қастерлі Жолдабалина ағынан жарылды.

Қымызмұрындық қана емес, күзде қымыз маусымының жабылуына арналған дәстүрлі шараларды да жаңғырту жоспарланып отыр. Ең бастысы - ұлттық мұраны үзбей насихаттап, үлкен буынның білгенін жастарға жеткізу дейді Қастерлі Жолдыбалина. Кәсіпкердің сөзінше, сонда ғана жылқы мәдениеті мен қымыздың қадірі сақталып, қазақтың ұлттық бренді болашақ ұрпаққа аман жетеді.

Тасжановтар әулеті
Фото: Қастерлі Жолдыбалинаның жеке архивінен

Айта кетейік, ерлі-зайыпты жақында өткен республидағы қымыз өндірісімен айналысатын барлық кәсіпкерлердің басқан қосқан шарада бас жүлденің және 5 миллион теңгенің иесі атанды. Отбасы қазір кәсіпті дөңгелетіп, қыздарына да осы қымызды баптаудың барлық қыр-сырын үйретіп жатыр.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 28 Шілде, 2026 09:00
Талқылау