Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бір тәулік пәтерде ұстаған": Алматылық әйел мүгедектігі бар қызының зорланғанын айтты

Мүгедектігі бар қыз жігіт зорлады
Фото: Видеодан скрин

Бала кезінен эпилепсия мен ақыл-ой кемістігі диагнозы қойылған 26 жастағы Әнел интернет арқылы бір жігітпен танысқан. Жігіт оған такси шақырып беріп, кейін жалдамалы пәтерге апарып, оған жыныстық зорлық көрсеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Қайғылы жағдай биыл наурыз айында болған. 

“Қызымды бір тәулік бойы әлгі пәтерде ұстап отырды. Сол уақыт ішінде оны үш рет зорлаған. Бұл – адам төзгісіз қорлық. Денесінде жарақаттар мен гематомалар болды. Күдікті зорлағанын мойындайды, бірақ бәрі өзара келісіммен болғанын айтады. Қалай келісім болуы мүмкін? Қызымның ақыл-есінің дамуында кінәраты бар. Ол мен үшін кішкентай бала сияқты. Мультфильм көреді, оқып-жаза алмайды, сағатты да танымайды”, – дейді қыздың анасы.

Әйелдің айтуынша, қызына екі жасында эпилепсия мен ақыл-ой кемістігі диагнозы қойылған. Әнел оқып-жаза алмайды, бірақ түрлі ойындарды жақсы көреді. Сондай ойындардың бірінде ол 23 жастағы жігітпен танысқан. Ер адам Шымкенттен арнайы кездесуге келген.

Анасының сөзінше, жігіт қызын жалдамалы пәтерге алдап апарып, оған жыныстық зорлық көрсеткен. Ал Әнелдің өзі не үшін бейтаныс адаммен кеткенін түсіндіре алмайды.

“Такси мені алып барды. Ол үйдің жанында күтіп тұр екен. Суши алып берді, шырын әкелді. Біз фильм көрдік. Кейін теледидарды өшірді. Қолымнан ұстап, мойнымнан тістеді. Мен анама қоңырау шалғым келді. Бірақ ол телефонымды өшіріп тастады. Есікті кілтпен жауып қойды. Мен қабырғаны ұрып, айқайладым. Бірақ ешкім естімеді”, – дейді Әнел.

Кейін ер адам қызды таксимен үйіне жіберген. Анасы бірден бір сұмдықтың болғанын сезіп, қызын дәрігерге алып барған. Әйелдің айтуынша, дәрігерлер жыныстық зорлық фактісін растаған. Зардап шеккен қызға ота жасауға тура келген.

Кейін күдіктінің туыстары татуласуға келген.

“Ол жас, түрмеге түскенін қаламаймыз. Мүмкін, екеуін үйлендірсек қайтеді?" деп түрлі ұсыныс айтты, ақша да ұсынды. Бірақ мен "Кім қандай іс жасаса, заң алдында соған жауап беруі керек", – деп келіспеген.

Полиция аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғаған. Алайда үш айға созылған тергеуден кейін іс тоқтатылған.

“Жәбірленуші тараптың уәждері расталмады. Қылмыстық-процестік заңнаманың талаптарына сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды. Бұл шешіммен қадағалаушы орган ретінде аудан прокуратурасы келісіп, оны заңды деп таныды”, – деді Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Жәбірленушінің анасы прокуратураға шағым түсіргенімен, одан нәтиже шықпағанын айтады. Заңгерлер оған мамандандырылған қылмыстық сотқа жүгінуге кеңес береді.

“Егер сарапшылар қыздың айтқандарының рас екенін, күдіктінің оның дәрменсіз жағдайын пайдаланып, ауыр зардаптарға әкелген зорлық әрекетін жасағанын растаса, жәбірленуші тарап Алматы қаласының мамандандырылған қылмыстық сотына жүгініп, прокурор мен тергеушінің істі тоқтату туралы шешімінің күшін жоюды талап етуге құқылы”, – дейді Республикалық заң консультанттары алқасы төрағасының кеңесшісі Ғабит Өмірбеков.

Ал жәбірленуші қыздың анасы күресті тоқтатпайтынын айтты. Ол істі соңына дейін жеткізіп, сотта әділдікке қол жеткізбек.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 28 Шілде, 2026 08:48
Талқылау