Қапшағайда демалушыны құтқарамын деп жігіт суға батып кетті

Қонаев қаласының тұрғыны Андрей Козятинский Қапшағай су қоймасында суға батып бара жатқан демалушыны құтқармақ болған кезде қаза тапты. Қайғылы оқиға туралы Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов Instagram парақшасында жазды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
ТЖД мәліметінше, 2026 жылы 22 шілдеде демалыс орындарының бірінің аумағында судағы қайғылы оқиға туралы хабарлама түскен. Алдын ала мәлімет бойынша, бір адам суға батып кетіп оны құтқармақ болған демалыс базасының қызметкері қаза тапты.
"Қапшағай су қоймасында өзгенің өмірін құтқаруға ұмтылып, өз өмірін құрбан еткен Андрей Филипович Козятинскийдің қазасы туралы хабарды терең күйзеліспен қабылдадым. Оның бұл әрекеті – нағыз ерлік, жанқиярлық және биік адамгершіліктің жарқын үлгісі. Шешуші сәтте Андрей сырттай бақылап қалмай, өз қауіпсіздігін ойламастан, қиын жағдайға тап болған адамға көмекке ұмтылды. Мұндай қадамға жүрегі кең, рухы мықты адам ғана бара алады", – деп жазды әкім.
Қала әкімі қала тұрғындары атынан Андрейдің әкесіне, бауырына, туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, оның ерлігі Қонаев тұрғындарының жадында мәңгі сақталатынын атап өтті.
"Бірнеше жыл бұрын өмірден өткен анасының жарқын бейнесі мен Андрейдің ерлігі оны таныған жандардың жүрегінде мәңгі сақталады. Оның өзгені құтқару жолында өзін құрбан етуге дайын болуы – шынайы қаһармандықтың, адамгершіліктің және жақынына деген сүйіспеншіліктің үлгісі", – деді Асхат Бердіханов.
Бұған дейін Қонаевтағы Қапшағай су қоймасында арнайы жабдықталмаған жерде шомылу кезінде екі жас суға батып қаза тапқан еді. Бойжеткеннің денесін құтқарушылар келгенге дейін демалушылар судан алып шықса, жігіттің денесі келесі күні табылды.
"Бір бие, бір жабағыдан бастадық": 40 жылдан бері жылқы баптап жүрген отбасы қымызмұрындықтың мәнін түсіндірді
Оқыңыз