Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қапшағай су қоймасында жігіт пен бойжеткен суға батып кетті (видео)

суға батқан қыз бен жігіт
Фото: Видеодан скрин

Алматы облысының Қонаевтағы Қапшағай су қоймасында арнайы жабдықталмаған жерде шомылу кезінде екі жас суға батып қаза тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бойжеткеннің денесін құтқарушылар келгенге дейін демалушылар судан алып шықса, жігіттің денесі келесі күні табылды.

Қайғылы оқиға 1 шілде күні Қапшағай су қоймасындағы "Жаса" демалыс аймағында болған.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Алматы облысы ТЖД-не арнайы жабдықталмаған жерде шомылып жүрген екі жастың жоғалып кеткені туралы хабар түскен.

"Құтқарушылар келгенге дейін демалушылар жағадан шамамен 30 метр қашықтықтан 2006 жылы туған бойжеткеннің денесін судан алып шықты. Екінші адамды іздеу үшін Алматы облысы ТЖД жедел-құтқару жасағының күштері мен құралдары жұмылдырылып, іздестіру-құтқару жұмыстары дереу басталды", – деп хабарлады ТЖМ.

Құтқарушылар іздеу жұмыстарын тәулік бойы үздіксіз жүргізді. 2 шілде күні таңертең Қапшағай су қоймасының жағалауынан 2004 жылы туған жігіттің денесі табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, ол суға батқан бойжеткенмен бірге шомылып жүрген.

Төтенше жағдайлар министрлігі қазақстандықтарды шомылуға тыйым салынған және арнайы жабдықталмаған орындарға түспеуге, тек рұқсат етілген жағажайларды таңдауға, балаларды қараусыз қалдырмауға және судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды.

Еске салайық, бұған дейін 21 маусым күні Маңғыстау облысында Ақтаудан 56 шақырым жердегі жабдықталмаған жағалауда 27 жастағы ер адам Каспий теңізіне батып кеткенін жаздық. Қатты дауыл салдарынан іздеу жұмыстары бірнеше күнге созылып, оның мәйіті 26 маусым күні Ақтаудан шамамен 65 шақырым жерден табылды.

Айым Атамбаева
Сенбі, 04 Шілде, 2026 13:28