Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда мейрамханалардың бірінде мекеме әкімшісі даяшыны келушілердің көзінше ұрып-соққан

Алматы мейрамхана әкімшісі  даяшыны ұрды
Фото: Желі кадрларынан скрин

Алматыда мейрамханалардың бірінде өзін мекеме әкімшісі ретінде таныстырған ер адам даяшыны барлық келушілердің көзінше ұрып-соққан. Оқиғаның видеосы желіде қызу талқылануда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алматы тұрғыны Threads желісінде TAU MANDI мейрамханасында болған жағдайды жария етті. Оның айтуынша, оқиға куәгері болған күйеуі мекеме қызметкеріне қатысты даулы жағдайды көрген.

Әйелдің жазуынша, күйеуі мейрамханада ер адамның (олардың болжамынша, мекеме әкімшісі) даяшыны келушілердің көзінше үш рет ұрғанына куә болған.

"Бірінші соққыдан кейін жігіттің бас киімі ұшып кетті, екінші соққыдан кейін қайтадан жерге түсті, кейін үшінші соққы жасалды. Мұндай қарым-қатынасты көру жүректі ауыртады", – деп жазды ол.

Жазба авторының айтуынша, күйеуі жағдайға араласып, ер адаммен сабырлы түрде сөйлесуге тырысқан. Ол өзін Айдын деп таныстырған.

Әйелдің мәлімдеуінше, содан кейін ер адам агрессия танытып, балағат сөздер айтқан. Оның айтуынша, әңгіме барысында қорлау сөздері бірнеше рет қайталанған.

"Бұл оқиғадағы ең қорқыныштысы — қонақпен болған жанжал емес. Ең қорқыныштысы — өз қызметкерлеріне деген қарым-қатынас", – деп жазды ол.

Жазба астындағы пікірлерде кейбір қолданушылар мұндай жағдайлар бұған дейін де болғанын мәлімдеді. Олар 2GIS-тегі пікірлер мен видеоларға назар аударып, сол ер адамның қызметкерлермен агрессивті сөйлескен жағдайлары бар екенін айтқан.

Кейін жазба авторы Медеу аудандық полиция бөлімінің қызметкері онымен байланысқанын хабарлады. Оның айтуынша, әкімші мен жәбірленуші полиция бөлімінде болған. Күйеуі де түсініктеме беру үшін сол жерге баруды жоспарлаған.

Әйел тексеру жұмыстары объективті жүргізіліп, полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтайды деген үмітін білдірді.

Гүлсезім Мұхатай
Дүйсенбі, 27 Шілде, 2026 21:32
Талқылау