Каспий құбыр консорциумы мұнай қабылдауды қайта бастады: Қазақстандық мұнай экспорты қалпына келді

Каспий құбыр консорциумы қазақстандық мұнайды қабылдау және экспорттау жұмыстарын қайта жандандырды. Қазір Новороссийск портында екі танкерге мұнай тиеліп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, қазір теңіз терминалындағы екі айлақта SEAMAJESTY және MILOS танкерлеріне мұнай тиеліп жатыр. Екі кеме де "Теңізшевройл" ЖШС өндірген мұнайды қабылдауда.
Министрліктің мәліметінше, терминал жұмысының қайта жандануы мұнай өндіруші компанияларға шикізатты құбыр жүйесіне қайта жеткізіп, экспортты қалыпты режимде жалғастыруға мүмкіндік береді.
Энергетика министрлігі барлық операция қазіргі жағдай мен қауіпсіздік талаптарын ескере отырып жүргізілетінін атап өтті.
Сондай-ақ ведомство КТК басшылығымен, ірі мұнай жөнелтушілермен және басқа да қатысушылармен тұрақты байланыста екенін мәлімдеді. Министрлік жағдайды бақылауды жалғастырып, қазақстандық мұнайдың үздіксіз тасымалдануын қамтамасыз ету үшін жұмыстарды үйлестіріп отыр.
Еске салсақ, бұған дейін дрон шабуылдарынан кейін Каспий құбыр консорциумы Қазақстан мұнайын қабылдауды тоқтатқан еді. Бұған Новороссийск маңындағы терминалға дрондардың бірнеше рет шабуыл жасауы және танкер иелерінің қауіпсіздікке алаңдауы себеп болды.
"Халыққа құрметсіздік танытты": Танымал қазақстандық бренд "Борат" образын қолданғаны үшін сынға қалды
Оқыңыз