"Борат" образына қатысты дау: Қазақстандық брендті қорғаған блогер Назим Мисанов кешірім сұрауға мәжбүр болды

Қазақстандық Shoqansuits ерлер киімі брендіне қатысты дау жалғасын тапты. Бренд негізін қалаушы Ұлықбек Шәріповті қолдамақ болған блогер Назим Мисановтың пікірі көпшіліктің наразылығын тудырып, ақыры ол жұрт алдында кешірім сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Даудың қайта өршуіне Shoqan брендінің бірнеше ай бұрын TikTok желісінде жариялаған видеосы себеп болды. Бейнежазбада жас жігіт Бораттың образында көрінген. Кейін ролик Threads қолданушыларының назарына ілігіп, брендке сын айтыла бастады.
Желі қолданушыларының бір бөлігі Борат образын Қазақстан мен қазақ халқын кемсітетін, ел туралы жағымсыз стереотип қалыптастыратын кейіпкер деп бағалады.
Shoqan өкілдері видеоның бірнеше ай бұрын жарияланғанын және кейін өшірілгенін мәлімдеді. Компания Қазақстанды, қазақ халқын, ұлттық мәдениет пен мемлекеттік тілді құрметтемеу ойларында болмағанын жеткізді.
“Бұл видеоның қателік болғанын мойындаймыз. Роликті өшірдік, тиісті қорытынды шығардық”, – деді Ұлықбек Шәріпов.
Сонымен қатар кәсіпкер брендті жаппай сынға алып, бизнесті жабуға шақыруды орынсыз деп есептейтінін айтты. Оның сөзінше, компания жұмыс орындарын ашып, салық төлеп қана қоймай, әлеуметтік жобаларды да жүзеге асырады. Соның ішінде мектепте білім алатын балалардың шамамен 40%өы аз қамтылған отбасылардан шыққан және толық грантпен оқиды.
ОқыңызАлайда желі қолданушыларының бір бөлігі мұны даудың негізгі себебінен назарды бұрып, компанияның жетістіктерін алға тарту деп қабылдады.
Осы тұста блогер Назим Мисанов Ұлықбек Шәріповті қолдап, сын айтушыларға қатысты өткір пікір білдірді. Ол кейбір адамдар өздері ештеңе өндірмей, салық төлемей-ақ, өзгелердің кәсібіне зиян келтіруге тырысады деген мазмұнда жазба қалдырған.
“Кейбір адамдарға біреуге зиян тигізсе болғаны. Өздері ештеңе өндірмейді, салық төлемейді, отбасын да асырап отырған жоқ. Сондықтан бәріне өз өлшемімен қарайды. Бизнесті жабу – жұмыстан шығып кетумен бірдей деп ойлайды. Сабыр сақта, бауырым! Өз ұстанымыңнан тайма! Сен – Қазақстанның лайықты азаматысың!” – деп жазды ол.
Оның бұл сөзі де қоғамның наразылығын туғызды. Қазақстандықтар блогерге тиесілі немесе онымен байланысты жобалар мен қоғамдық тамақтану орындарына бойкот жариялауға шақырды.
Ал бүгін Назим Мисанов видеоүндеу жариялап, жазған пікірі үшін кешірім сұрады.
“Кеше түнде өте орынсыз пікір қалдырдым. Мұны мойындаймын. Шын жүректен кешірім сұраймын. Мен қазақ халқы мен тіліне ешқашан қарсы болған емеспін”, – деді ол.
Блогер қазақ халқы мен қазақ тіліне құрметпен қарайтынын айтып, өз сөзінің көпшілікке ауыр тигені үшін бірнеше рет кешірім өтінді.
Еске салайық, бұған дейін кореялық топтың әншісі Бораттың суреті бар жейде киіп, қазақстандық бишінің биін қайталағаны хабарланған еді. Оңтүстіккореялық ENHYPEN тобының мүшесі Ян Чонвон хореографиясын астаналық биші Рания қойған "Bloody Paradise" әніне билеп, видео жариялады. Қазақстандықтар оның Бораттың суреті бар шолақ жейде кигенін байқап, әншіні сынға алды.
Видео тараған соң қазақстандықтар бұл туралы X әлеуметтік желісінде кеңінен жазып, талқылады. Оларды биді қазақстандық қыз қойғанына қарамастан әртістің Қазақстан туралы жалған стереотиптердің символы деп қабылдайтын кейіпкер бейнеленген футболкамен шыққаны ашуландырды.
"Халыққа құрметсіздік танытты": Танымал қазақстандық бренд "Борат" образын қолданғаны үшін сынға қалды