Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматылық мүгедектігі бар белсендіні Kinopark киноға кіргізбей қойған

белсенді
Фото: Facebook Богдан Джепка

Алматылық мүгедектігі бар белсенді Богдан Джепка Kinopark-қа арбасымен кіре алмағанын айтып, кинотеатрды сотқа беретінін мәлімдеді. Оның сөзінше, әкімшілік фильм көрсетілетін залдың мүгедектер арбасына бейімделмегенін айтып, қызмет көрсетуден бас тартқан. Кейін кинотеатр басшылығы белсендімен кездесіп, болған жағдай үшін кешірім сұраған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Богдан Джепканың айтуынша, ол отбасымен бірге Aport Mall East сауда орталығындағы Kinopark кинотеатрына “Кодекс Данте” фильмін көруге барған. Алайда кассада тұрған кезде әкімші фильм көрсетілетін залдың қолжетімсіз екенін айтып, кино көруге рұқсат бермеген.

“Маған “Фильмді көре алмайсыз. Зал қолжетімсіз” деді. “Маған қызмет көрсетуден бас тартып тұрғандарыңызды түсінесіздер ме?” деп сұрадым. Олар “Иә” деп жауап берді”, – деп жазды белсенді.

Оның сөзінше, кинотеатр қызметкері бұған дейін арбадағы бір көрермен баспалдақтан құлап, соған байланысты сот процесі жүріп жатқанын айтқан. 

Белсенді бұл жағдайды мүгедектік белгісі бойынша кемсіту деп бағалап, Kinopark-ты сотқа беретінін мәлімдеді.

“Қолжетімді орта керек. Кинотеатр қызметкерлеріне мүмкіндігі шектеулі адамдарға қалай дұрыс көмек көрсету керегін үйрету қажет. Біз мұндай сабақ өткізуге дайынбыз”, – деді Джепка.

кинотеатр
Фото: Facebook Богдан Джепка

Алайда кейін белсенді Kinopark желісінің маркетинг және PR директоры Ерлан Бұхарбаевпен кездескенін хабарлады. Оның айтуынша, кездесу қызметкердің әрекеті үшін кешірім сұраудан басталған.

“Кездесу қызметкердің әрекеті үшін кешірім сұраудан басталып, ашық диалогпен жалғасты. Біз кинотеатрдың қолжетімділігін бірге қарап, қызметкерлерді инклюзивті қарым-қатынасқа оқыту және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқыладық. Қателікті мойындап, жағдайды өзгерту маңызды. Кейде осындай күрделі жағдай жақсы серіктестіктің бастамасына айналады”, – деп жазды Джепка. 

Джепканың айтуынша, Kinopark басшылығы мәселені шешуге дайын екенін білдіріп, алдағы уақытта бұл бағытта бірлесіп жұмыс істеуге келіскен.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандық әйел 5 ай комада жатқан әкесіне мүгедектік рәсімдей алмай жүргені туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Дүйсенбі, 27 Шілде, 2026 18:59
Талқылау