"Әр барған сайын жаңа талап шығады": Қазақстандық әйел 5 ай комада жатқан әкесіне мүгедектік рәсімдей алмай жүр

Желіде қазақстандық әйел әкесінің бес айдан астам уақыттан бері комада жатқанын айтып, оқиғасын бөлісті. Оның сөзінше, әкесіне тұрақты күтім қажет болғандықтан, бауыры жұмысын тастауға мәжбүр болған. Алайда отбасы өздеріне заң бойынша тиесілі мемлекеттік көмекті ала алмай отырғанын жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жанна есімді қолданушы Facebook желісінде жазба жариялап, әкесінің жағдайын баяндады. Оның айтуынша, әкесі инсульт алғаннан кейін комаға түскен. Қазір ол жасанды тыныс алу аппаратына қосылған, оттегі концентраторын пайдаланып жатыр. Сондай-ақ оған трахеостома мен гастростома қойылған. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалап отыр.
Әкесіне күтім жасау үшін бауыры, өзінің отбасы мен үш баласы бола тұра, жұмысынан кетуге мәжбүр болған. Ал Жаннаның өзі Астанада, ал отбасы Алматыда тұрады.
“Әкеме тұрақты күтім қажет болғандықтан, інім жұмыстан шықты. Өйткені әкемді тамақтандыру, тазалығын сақтау, жағдайын бақылау – бәрі тәулігіне 24 сағат, демалыссыз атқарылатын жұмыс”, – деп жазды ол.
Алайда әйел комада жатқан әкесіне қарап отырған бауырына ешқандай мәртебе берілмегенін, сондай-ақ заңда көзделген көмектің көрсетілмей отырғанына шағымданды. Оның айтуынша, отбасыны бір мекемеден екіншісіне жіберіп, әуре-сарсаңға салып қойған.
“Ешқандай нақты көмек жоқ. Сотқа барыңыз дейді, бір құжат рәсімдеңіз дейді, одан кейін ХҚКО-ға жіберіп, тағы басқа орындарға жұмсайды. Әр барған сайын жаңа талап, жаңа анықтама, жаңа мекеме шығады”, – деп жазды ол.
Жанна комада жатқан науқасқа жалғыз өзі қарап отырған адам сот пен мекемелерді қалай жағалап жүреді деп жүйеге наразылық білдірді. Оның айтуынша, әкесін бір сағатқа да қараусыз қалдыруға болмайды.
“Біз мүмкін емес нәрсені сұрап отырған жоқпыз. Біз тек заңда қарастырылған көмекті сұраймыз. Комада жатқан адамға қолдау керек. Осындай ауыр жағдайға тап болған отбасыға көмек керек”, – деді ол.
Ол желі қолданушыларынан ақыл-кеңес сұрады.
“Мұндай жағдайда жүйемен жалғыз бетпе-бет қалғаныңды түсіну өте ауыр әрі жанға батады”, – деп жазды ол.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі не дейді?
Министрліктің Stan.kz редакциясының ресми сауалына берген жауабында, қазір бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасап отырған адамға, туыстық байланысына қарамастан, арнайы жәрдемақы тағайындалатынын мәлімдеді. Алайда оны алу үшін науқас алдымен медициналық-әлеуметтік сараптамадан өтіп, бірінші топ мүгедектігі рәсімделуі керек.
Бұл сараптама науқастың өзі немесе заңды өкілінің өтініші негізінде жүргізіледі. Бірақ адам комада жатқан жағдайда, оның келісімін алу мүмкін болмағандықтан, бұл жерде құқықтық және практикалық қиындықтар туындайды. Ал қамқоршыны сот арқылы тағайындау мен адамды әрекетке қабілетсіз деп тану рәсімі ұзақ уақыт алады. Соның салдарынан күтім жасайтын адамға жәрдемақы тағайындау да кешігуі мүмкін.
Ведомство осы мәселені шешу үшін Мәжіліс депутаттары Әлеуметтік кодекске өзгеріс енгізуді ұсынғанын еске салды. Яғни, комада жатқан адамның жақын туысы немесе жұбайы өтініш берсе, науқастың өз келісімінсіз-ақ медициналық-әлеуметтік сараптама өткізіп, күтім бойынша жәрдемақы тағайындауға мүмкіндік беру көзделіп отыр.
Қазір бұл заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауында.
Денсаулық сақтау министрлігі не дейді?
Министрлік мұндай санаттағы науқастарға медициналық көмек көрсету тәртібі арнайы стандарттармен реттелетінін мәлімдеді.
Оған сәйкес, паллиативтік көмек науқастың жағдайына қарай аурухананың арнайы бөлімдерінде, хоспистерде, мейіргерлік күтім ауруханаларында, сондай-ақ үй жағдайында да көрсетілуі мүмкін. Үйде көмек қажет болған жағдайда мобильді бригадалар да тартылады.
Егер науқастың жағдайы соны талап етсе, учаскелік дәрігердің жолдамасы арқылы оны паллиативтік көмек орталығына жатқызуға болады.
Министрлік алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету стандартына сәйкес, емхана мамандары қызмет көрсететін аумақта тұратын пациенттерге үйге барып қызмет көрсететінін де атап өтті. Қажет болған жағдайда мобильді бригадалар шақырту бойынша үйге барады. Ал мейіргерлер науқастың туыстарына жалпы күтім жасау тәсілдерін үйретуге міндетті.
Инсульттан кейін комада жатқан науқастарға үйде қандай көмек пен құралдар беріледі?
Ведомство мәліметінше, инсульт алған науқастарға Қазақстанда жедел жәрдемнен бастап стационарлық ем, оңалту және кейінгі амбулаториялық бақылауға дейінгі барлық медициналық көмек көрсетіледі. Ауруханадан шыққаннан кейін пациент неврологтың бақылауына алынады.
Ал жағдайы тым ауыр, соның ішінде комада жатқан науқастар, әдетте, стационарда ем қабылдайды. Үйге шығарылған жағдайда күтім ойылудың алдын алу, арнайы тамақтандыру, тыныс алу жаттығулары, дене қызуы мен қан қысымын бақылауды қамтиды.
Сонымен бірге мемлекет тегін дәрі-дәрмек, кейбір медициналық бұйымдар, мүгедектік бойынша жәрдемақы, арнайы тағам қоспалары мен жөргектер беруді де қарастырған. Бұл көмектер қолданыстағы нормативтер мен жергілікті органдардың шешімі негізінде ұсынылады.
Ауыр жағдайдағы науқастардың отбасыларына қандай мемлекеттік қолдау бар?
Денсаулық сақтау министрлігі мұндай ауыр хәлдегі науқастар мен олардың отбасыларына мүгедектік рәсімдеу, жәрдемақы алу және арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету сияқты мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылғанын хабарлады.
Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, егер науқаста ағза қызметінің айқын бұзылысы болса және оңалу мүмкіндігі болмаса, сондай-ақ паллиативтік көмек алып жүрсе, оған мүгедектік диагноз қойылғаннан кейін бірден рәсімделуі мүмкін. Яғни бұл үшін төрт ай күтудің қажеті жоқ.
Сондай-ақ мұндай пациенттерге медициналық-әлеуметтік сараптама үйде немесе стационарда жүргізіледі. Ал бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін жеке көмекшінің қызметін қамтитын оңалту бағдарламасы әзірленеді. Науқастың жағдайына қарай үйде, стационарда немесе жартылай стационар жағдайында арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі.
"Көмектесіңіз мен оны танымаймын деп жылады": Алматы облысында бейтаныс ер адам кішкентай баланы ұрламақ болған