Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар жаңа туған сәбиін алдыңғы орындыққа жатқызған Ринат Шамшырақты жазалауды талап етті

Ринат Шамшырақ әйелімен
Фото: Instagram.com/rinat_shamshyrak

Әнші Ринат Шамшырақ әлеуметтік желіге жариялаған видеосынан кейін сынға қалды. Кадрда оның жаңа туған сәбиін көліктің алдыңғы орындығында арнайы қауіпсіздік құрылғысынсыз жатқызғаны көрінеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жағдайға заңгер Анна Чернова назар аударып, құзырлы органдардан видеоға құқықтық баға беруді сұрады. Оның айтуынша, баланың қауіпсіздігіне қатер төндіретін мұндай әрекет қарапайым жол ережесін бұзу ғана емес.

“Жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін тиісті шара қолданып, баланың мүддесі үшін бұл ақпаратты қорғаншылық және қамқоршылық органдарына жолдаңыздар. Кішкентай сәбиді ойлағанда жүрегің ауырады. Қаралым қуғандардың әрекетінен қорғансыз балалар зардап шекпеуі керек!”, – деді заңгер.

Ринат Шамшырақты жазалауға қатысты
Фото: Скриншот

Заңгер артынша бұл жазбаны не себепті жариялағанын түсіндірді. Оның сөзінше, бұған дейін өзі баланың көлік апатында алдыңғы әйнекке соғылған қайғылы жағдайға куә болған.

“Бұл жазбаны жайдан-жай жариялаған жоқпын. Бірде бағдаршамда көлікпен тоқтап тұрғанымда, жанымдағы Camry көлігінің алдыңғы орындығында отырған әйелдің қолында шамамен 5-6 айлық сәби болды. Сол сәтте арттан келе жатқан жүргізуші қызыл жарыққа тоқтаған көліктерді байқамай, Camry-ге бар жылдамдықпен соғылды. Сәби анасының қолынан ұшып шығып, басымен алдыңғы әйнекке соғылды. Жол ережелерінің әрқайсысы адам өмірімен жазылған”, – деді ол.

Желі қолданушылары әншінің көлік жүргізіп келе жатып ұялы телефон қолданғанына да назар аударған. Кейбір азаматтар E-Otinish жүйесі арқылы тиісті органдарға өтініш жолдай бастағанын жазды.

Пікір білдіргендердің дені жаңа туған сәбиді арнайы автокреслосыз тасымалдау өте қауіпті екенін еске салды.

“Баяу жүргеннің өзінде басқа көлік жоғары жылдамдықпен соғылуы мүмкін. Қаралым үшін мұндай қауіпті видео түсірудің қажеті жоқ”, – деп жазды желі қолданушыларының бірі.

Қазір видеоны әншінің әлеуметтік желідегі парақшасынан көруге болады. Алматы полициясы әзірге оқиғаға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.

Еске салайық, баланы арнайы ұстап тұратын құрылғысыз тасымалдағаны үшін 5 АЕК, яғни 21 625 теңге айыппұл қарастырылған. Көлік жүргізу кезінде ұялы телефон пайдаланғаны үшін де осындай көлемде айыппұл салынады.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 27 Шілде, 2026 19:05
Талқылау