Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырау облысында ауылдық газет журналисі 7 миллион теңге бопсалағаны үшін сотталды

Ақша алу
Фото: Жасанды интеллект

Атырау облысында ауылдық газет журналисі 7 миллион теңге бопсалағаны үшін сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Нalyqstan Telegram арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға Құлсары маңындағы атышулы "мұнай көліне" журналистердің баруынан басталған. Мұнай көлі – жылдар бойы мұнаймен ластанған топырақ төгілген мұнай қалдықтары полигоны. 

2025 жылдың мамыр айында "Sigma Строй Проект" ЖШС мұнаймен ластанған 2,1 гектар жерді қалпына келтіру үшін 625,6 миллион теңгелік келісімшартқа отырған.

Қыркүйек айында нысанға журналистер, қоғам белсендісі және жергілікті мәслихат депутаты барған. Жүргізіліп жатқан жерді қалпына келтіру жұмыстары олардың күдігін туғызған. Мұнай қалдықтары топырақпен араластырылып, КамАЗ көліктеріне тиеліп, трактормен жақын маңда қазылған тереңдігі екі метрге дейін жететін шұңқырларға көмілген.

Келушілер жұмыс барысын видеоға түсірген. Кейін дәл осы видеолар мердігер компания өкілдерін алаңдатқан.

Көп ұзамай видео Атырау облыстық мәслихатының депутаты Сырымбек Сәрсембаевтың Instagram парақшасында жарияланған. Мердігер компания өкілдері таныстары арқылы депутатпен байланысып, жазбаны өшіруді сұраған. Депутат видеоны өшірген.

Алайда оқиға мұнымен аяқталмаған. Мердігер компания таныстары арқылы 36 жастағы "Кең Жылой" аудандық газетінің журналисті Айзада Долыбековаға да шыққан.

Осыдан кейін экологиялық оқиға қылмыстық іске ұласқан.

Тергеу дерегінше, Долыбекова аталмыш видеолардың интернетте жарияланбауы үшін 10 миллион теңге сұраған. Кейін келіссөз нәтижесінде сома 7 миллион теңгеге дейін төмендеп, ақша Атыраудағы Tengri қонақүйінде делдал арқылы беріледі деп келісілген. Бұл уақытта кездесуді полиция бақылауына алған.

Долыбековаға бейнебайланыс арқылы қоңырау шалынған. Оған ақша салынған пакет көрсетіліп, видеолардың бұдан былай жарияланбайтынына кепілдік бар-жоғы сұралған. Ол кепілдік берген. Алайда бірнеше минуттан кейін ақша беру процесін полиция қызметкерлері тоқтатқан.

Сотта Долыбекова бұл келісімге қатысты өз нұсқасын айтқан. Оның сөзінше, 7 миллион теңгені онкологиялық диагноз қойылған анасының еміне сұраған. Ал материалды жарияламау қарсы тарапқа көрсетілетін қызмет ретінде қарастырылған.

"Сот бұл әрекетті ақпаратты жарияламау үшін ақша талап ету деп бағалаған. Нәтижесінде Долыбекова ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы – ірі мөлшерде бопсалау бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды", – делінген ақпаратта.

Алайда сот журналистің төрт баласының және науқас анасының бары ескеріп, жазаны 5 жылға кейінге қалдырды.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда журналист дербес деректерді жариялағаны үшін сотталғаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 24 Тамыз, 2026 21:27