Ақтөбеде бүлдіршіннің денсаулығына зиян келтірген дәрігер 2 миллион теңге төледі
Ақтөбедегі ауруханаларда 4 жасар қызға дұрыс диагноз қойылмай, тиісті ем тағайындалмаған. Соның салдарынан баланың жағдайы күрт нашарлап, ақыры бір құлағына естімей қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бастапқыда қызға "іріңді отит" диагнозы қойылған. Кейін басқа клиникада бет жүйкесінің невралгиясы деген диагноз қойылып, Ақтөбедегі қалалық балалар ауруханасына жеткізілген. Мұнда балаға тағы бірнеше диагноз қойылып, іріңді отит кезінде жасауға болмайтын физиотерапиялық ем тағайындалған.
Кейін қыз облыстық балалар ауруханасына ауыстырылып, оған шұғыл операция жасалған. Алайда сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, белгілі бір уақыт бойы балаға қажетті дәрі-дәрмек, соның ішінде антибиотиктер берілмей, тек таңғыш ауыстырылып отырған.
Баланың жағдайы жақсармаған соң анасы оны Алматыдағы республикалық клиникаға апаруға мәжбүр болған. Дұрыс әрі дер кезінде емделмеген инфекция салдарынан қызға бассүйекке резекциялық трепанация жасауға тура келген. Шіріген сүйектің орны арнайы пластинамен жабылған.

Салдарынан 4 жасар қыздың бір құлағы мүлде естімей қалған, екінші құлағында шу пайда болып, оған I дәрежелі есту қабілетінің төмендеуі диагнозы қойылған.
Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі алқасы қалалық және облыстық балалар ауруханаларын зардап шеккен балаға моральдық шығын ретінде әрқайсысы 5 миллион теңгеден төлеуге міндеттеген.
Қалалық балалар ауруханасы өзіне тиесілі 5 миллион теңгені өтегеннен кейін, шығынның бір бөлігін науқасқа дұрыс көмек көрсете алмаған медицина қызметкерлерінен өндіріп алуға шешім қабылдаған. Екі қызметкер өз үлесін өз еркімен төлеуге келіскен, ал дәрігер-оториноларинголог кінәсі дәлелденбегенін айтып, бас тартқан.
Алайда сот дәрігердің де балаға сапасыз медициналық көмек көрсеткені үшін жауапкершілігі бар екенін анықтады. Соңында ол ауруханаға 1 миллион 750 мың теңге көлемінде шығын өтеуге міндеттелді.
Еске салайық, бұған дейін Оралда дәрігерлер 58 жастағы науқастың инсульт белгілерін масаңдықпен шатастырып, қажетті медициналық көмекті дер кезінде көрсетпеген. Науқас кейін ауруханаға жатқызылғанымен, келесі күні жансақтау бөлімінде көз жұмды. Сот марқұмның ұлының пайдасына ауруханадан 4 миллион теңге моральдық өтемақы өндірді.
20 жастағы қазақстандық қызды бұрынғы жігіті қатыгездікпен өлтірді деп айыпталды: Оқиғаның мән-жайы айтылды