Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қабылдаудан бас тартқан: Қазақстандық ер адам ауруханадан 4 миллион теңге өндіріп алды

аурухана
Фото: magnific.com

Орал қаласында 58 жастағы тұрғынның қайтыс болуына байланысты сот ауруханадан оның ұлының пайдасына 4 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы өндіріп беру туралы шешім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Іс материалдарына сәйкес, марқұмның ұлы әкесінің өліміне медицина қызметкерлерінің әрекеті мен әрекетсіздігі себеп болды деп есептеп, сотқа жүгінген. Бұған дейін ол полицияға арызданғанымен, қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты сотқа дейінгі тергеу тоқтатылған.

Сонымен қатар денсаулық сақтау министрлігі медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаменті жүргізген тексеру барысында науқасқа медициналық көмек көрсету кезінде бірқатар заңбұзушылықтар анықталған.

Сот анықтағандай, 58 жастағы ер адам бірнеше рет медициналық көмекке жүгінген. Алайда медицина қызметкерлері оны мас күйінде болды деген уәжбен қажетті тексеруден өткізбеген. Бұл ретте оның ағзасындағы алкоголь мөлшерін анықтау үшін ешқандай зерттеу жүргізілмеген.

Тек денсаулық сақтау басқармасының call-орталығына жүгінгеннен кейін ғана науқас аурухананың терапия бөліміне жатқызылып, оған ишемиялық инсульт диагнозы қойылған. Дегенмен басталған емге қарамастан, ер адам келесі күні жансақтау бөлімінде қайтыс болған.

Аурухана өкілі талап-арызды мойындамаған. Ал прокурор талапты ішінара қанағаттандыруды сұраған. Сот медициналық көмектің уақытылы көрсетілмеуі науқастың өмірін сақтап қалудың нақты мүмкіндігін жоғалтуға әкелді деген қорытындыға келді. Сондай-ақ әкесінен айырылған талап қоюшының ауыр моральдық күйзеліске түскені және медицина қызметкерлерінің жіберген заңбұзушылықтары оған әділетсіздік, үмітсіздік пен күйзеліс сезімін тудырғаны атап өтілді.

Осылайша, Орал қаласының №2 соты талап-арызды ішінара қанағаттандырып, ауруханадан талап қоюшының пайдасына 4 миллион теңге моральдық өтемақы өндіріп беру туралы шешім шығарды. Сот шешімі заңды күшіне енді.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде Қостанайдағы уақытша сауықтыру орталығында 61 жастағы Ратмир Каюмовтың санитарлардың соққысынан ауыр жарақат алғаны түсірілген видео тараған еді. Оқиғадан кейін ер адамның қабырғалары сынып, бүйрегі жарылғандықтан дәрігерлер оны алып тастауға мәжбүр болды. Бейнежазбада екі санитар көрінгенімен, сот алдында олардың біреуі Ғалымжан Тижбаев қана жауап берген.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 29 Шілде, 2026 10:08