Қазақстан халық партиясының экс-төрағасы Ермұхамет Ертісбаев саясаттан кететінін мәлімдеді
Қазақстан халық партиясының бұрынғы төрағасы Ермұхамет Ертісбаев саясаттан кететінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл туралы саясаткер өзінің Instagram парақшасында мәлімдеді.
Орталық сайлау комиссиясының алдын ала мәліметінше, ҚХП Құрылтай сайлауында 3,11% дауыс жинаған. Партия депутаттық мандат алу үшін қажетті 5%-дық межеден өте алмады.
Ермұхамет Ертісбаев дауыс беруге қатысқан барша азаматқа алғысын білдіріп, саясаттан кететінін мәлімдеді.
"Саяси өмірбаянымдағы бұл кезең аяқталды деп есептеймін. Ең алдымен, бізге дауыс берген, осы науқанға қатысып, үгіт-насихат жүргізген, пікірталасқа түсіп, бағдарламамызды қорғаған және бізге сенген барша азаматқа зор алғысымды білдіремін. "Мен қолымнан келгеннің бәрін жасадым, кімнің қолынан келсе, одан да жақсысын жасасын" деген ежелгі тәмсіл бар. Біз қолымыздан келгеннің бәрін жасадық. Біз қоғамға қазақстандық социализм идеясын ұсынып, әлеуметтік әділеттілік, ұлттық байлық, лайықты қарттық, еңбек құқығын қорғау, қолжетімді медицина мен білім беру мәселелерін көтердік. Қоғам өз таңдауын жасады", – деді Ертісбаев.
Ол қазақстандықтар партия ұсынған идеяларды қабылдауға дайын болмауы мүмкін екенін немесе ҚХП өз ұстанымдарын қоғамға жеткілікті деңгейде түсіндіре алмағанын айтты.
Ертісбаев Қазақстан халық партиясы мен оның жақтастарына үндеу жасап, оларға сабырлылық пен төзімділік тілеп, сайлаудан кейін еңселерін түсірмеуге шақырды.
"Мен үшін саяси өмірімнің бұл кезеңі аяқталды. Өкпе-наз да, көңіл қалу да, өткенге жармасуға тырысу да жоқ. Енді қорытынды жасап, алға жылжу керек", – деп түйіндеді ол.
Еске салсақ, бұған дейін 23 тамыз күні өткен Қазақстандағы алғашқы Құрылтай сайлауының алдын ала нәтижелері жарияланған еді.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, бес партия бес пайыздық межеден өтті:
- "Әділет" – 71,17% дауыс;
- "Ауыл" – 6,26%;
- Respublica – 5,56%;
- Жалпыұлттық социал-демократиялық партия – 5,11%;
- "Ақ жол" – 5,21%.
Қазақстанның Халық партиясы 3,11% дауыс жинаса, "Байтақ" жасылдар партиясына сайлаушылардың 1,07%-ы дауыс берген.
20 жастағы қазақстандық қызды бұрынғы жігіті қатыгездікпен өлтірді деп айыпталды: Оқиғаның мән-жайы айтылды
