Қазақстан халық партиясы өкілі теледебатта Ленинді "құрметке лайық тұлға" деп атады

Қазақстан халық партиясы төрағасының орынбасары Бейбіт Құсайынов "Жетінші арнадағы" теледебат барысында кеңестік мемлекеттің негізін қалаушы Владимир Ленинге қатысты көзқарасын білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Құсайыновтың айтуынша, Қазақстан халық партиясы Қазақстан Коммунистік партиясының құқықтық мирасқоры болғанымен, алты жыл бұрын коммунистік идеологиядан бас тартқан.
"Мен Кеңес Одағы кезінде дүниеге келген адаммын. Сол кезеңде бізге Ленинді пролетариаттың көсемі ретінде таныстырды. Бірақ уақыт өте келе адам тарихи оқиғаларға басқа қырынан қарай бастайды. Біздің партия – бұрынғы Коммунистік партияның құқықтық мирасқоры екені жасырын емес. Дегенмен алты жыл бұрын ребрендингтен өтіп, атауымыздан "коммунистік" сөзін алып тастап, коммунистік идеологиядан бас тарттық", – деді ол.
Сонымен бірге Құсайынов Ленинді ең алдымен тарихи тұлға ретінде бағалайтынын айтты.
"Жеке өзім Ленинге тарихта елеулі із қалдырған тұлға ретінде қараймын. Ол тарихымызда маңызды қадамдар жасаған адам және белгілі бір деңгейде құрметке лайық деп есептеймін", – деді Қазақстан халық партиясы төрағасының орынбасары.
Айта кетейік, "Жетінші арнада" Құрылтай депутаттарын сайлау қарсаңындағы партиялар арасындағы теледебаттар өтіп жатыр. Тікелей эфир Астанадағы "Қазмедиа орталығының" концерт залынан ұйымдастырылып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін танымал тележүргізуші, Қазақстан халық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат ретінде тіркелген Аша Матайдың кандидатурасы қоғамда кеңінен талқыланды. Әлеуметтік желі қолданушылары оның депутат болуға лайықтылығы туралы түрлі пікір білдіріп, қызу талқыға салды.
Кейін белгілі заңгер Мейірман Шекеев Аша Матайды ашық пікірталасқа шақырған болатын. Алайда тележүргізуші бұл ұсыныстан бас тартып, мұны қазақ қызына тән тәрбие қағидаларымен түсіндірді.
"Анамның үйреткені – қазақ қызына жеке пікірін дәлелдеу үшін ер адаммен, оның үстіне ел ағасы жасындағы кісімен сөз таластыру жараспайды. Айтарым да, арманым да бар. Дегенмен тәрбием жібермейді. Дұрыс түсінесіздер деп ойлаймын. Көкірегімді дәлелдеу үшін дауласуға жоқпын", – деген еді Аша Матай. Сондай-ақ ол өзіне сын айтқан азаматтарды пікірталасқа емес, ел игілігі үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырған.
Оқыңыз