Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Неге әртіс депутат бола алмайды?" Баян Алагөзова сіңлісі Аша Матайды қорғап шықты

Баня Алагөзова, Аша Матай
Фото: Видеодан скриншот / Instagram.com/asha_matai

Танымал продюсер Баян Алагөзова жиені Аша Матайды қолдап, оның депутаттыққа үміткер болуына байланысты айтылып жатқан сындарға пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында видео жариялады. Оның айтуынша, Аша Матайдың шығармашылық жолы мен танымалдығына өзінің ешқандай қатысы жоқ. Продюсер жиенінің бүгінгі жетістіктеріне тек өз еңбегімен жеткенін ерекше атап өтті.

“Ол танымалдыққа да, халықтың құрметі мен сүйіспеншілігіне де өз күшімен жетті. Егер адам өз саласында осындай биікке көтерілсе, неге ол лайықты депутат бола алмайды?” – деді Баян Алагөзова.

Сондай-ақ ол қоғамда өнер адамдарына қатысты қалыптасқан көзқарасты сынға алды. Ол заңгер, мұғалім немесе дәрігердің депутат болуына ешкім күмән келтірмейді, ал мәдениет саласының өкілдеріне келгенде талап мүлде өзгереді деп санайды.

“Неліктен дәл өнер адамдары заңды біле ме, бюджетті түсіне ме деп сұралады? Басқа мамандық иелеріне мұндай талап қойылмайды. Бұл – өнер өкілдеріне деген әділетсіз көзқарас”, – деді ол.

Баян Алагөзова депутат үшін ең басты қасиет заңдарды жатқа білу емес, елге, халыққа деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік екенін айтты. Ол заңдарды меңгеруге болады, ал адамгершілік пен жанашырлық әркімде бола бермейді деп есептейді.

Продюсер сондай-ақ кейінгі күндері Аша Матайдың ауыр психологиялық қысымға тап болғанын жеткізді. Оның сөзінше, қоғамның жаппай сыны жас анаға оңай тимей жатыр.

“Ол қазір өміріндегі ең ауыр кезеңдердің бірін бастан өткеріп жатыр. Оған өте қиын, өте ауыр. Мен оны депутат болсын, болмасын, бәрібір жақсы көремін. Мен үшін оның саяси амбициясы маңызды емес. Ол – менің сүйікті жиенім”, – деді Баян Алагөзова.

Еске салайық, бұған дейін танымал тележүргізуші, “Қазақстан Халық партиясының” атынан кандидат ретінде тіркелген Аша Матай өзін ашық пікірталасқа шақырған белгілі заңгер Мейірман Шекеевтың ұсынысынан бас тартқаны хабарланған еді.

“Анамның үйреткені – қазақ қызына жеке пікірін дәлелдеу үшін ер адаммен, оның үстіне ел ағасы жасындағы кісімен сөз таластыру жараспайды. Айтарым да, арманым да бар. Дегенмен тәрбием жібермейді. Дұрыс түсінесіздер деп ойлаймын. Көкірегімді дәлелдеу үшін дауласуға жоқпын”, – деді ол.

Тележүргізуші қарсы пікір білдірген азаматтарды дауласуға емес, ел игілігі үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 04 Тамыз, 2026 18:47