"Тәрбием жібермейді": Аша Матай заңгер Мейірман Шекеевпен пікірталастан бас тартты

Танымал тележүргізуші, “Қазақстан Халық партиясының” атынан кандидат ретінде тіркелген Аша Матай өзін ашық пікірталасқа шақырғандарға жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі.
Белгілі заңгер Мейірман Шекеев әлеуметтік желідегі парақшасында видео жариялап, Аша Матайды “жекпе-жекке” шақырған еді. Оның айтуынша, бұл ұсыныстың мақсаты тележүргізушінің беделін түсіру емес, сайлауға түсетін кандидаттың шыңдалып, халықтың жағдайын жақсы білуі керектігін көрсету болған.
“Өз тағдырымызды сол кісілердің қолына ұстатайын деп отырмыз. Тағдырымызды кімге ұстататынызды білу үшін халықтың талабы бойынша, кандидаттар елге келуі керек. Мен Аша Матайды дебатқа шақырамын. Жанына 5 адам ертіп келсе де, әрқайсысымен жеке жеке пікір таластырамын. Қисық қалыптан, түзу кірпіш шықпайды”, – деді ол.
“Тәрбием жібермейді”
Ал Аша Матай пікірталасқа шақырғандардың бар екенін естігенін айтып, ұсыныстан бас тарту себебін түсіндірді.
“Анамның үйреткені – қазақ қызына жеке пікірін дәлелдеу үшін ер адаммен, оның үстіне ел ағасы жасындағы кісімен сөз таластыру жараспайды. Айтарым да, арманым да бар. Дегенмен тәрбием жібермейді. Дұрыс түсінесіздер деп ойлаймын. Көкірегімді дәлелдеу үшін дауласуға жоқпын”, – деді ол.
Тележүргізуші қарсы пікір білдірген азаматтарды дауласуға емес, ел игілігі үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
“Ел үшін бірігіп жұмыс істеуге бармын. Тырнақ астынан кір іздемей, бірге жұмыс істейікші, ағалар. Жұмысымызға ақыл қосып, жүкті бірге көтермесеңіздер де, тілектес болғандарыңыздың өзі маған және бізге үлкен күш береді”, – деді Аша Матай.
Ол көпшіліктің өзін сахна мен телевизия арқылы танитынын атап өтіп, өнер жолы халықтың мұң-мұқтажын түсінуге үйреткенін жеткізді.
“Көпшілік мені сахна арқылы таниды. Осы жолды сыйлаған тағдырыма дән ризамын. Өнер жолы маған ең басты нәрсені – халықтың мұң-мұқтажын көре білуді, қиындығын сезіне білуді үйретті. Сондықтан мен “Халық партиясының” қатарындамын”, – деді тележүргізуші.
Еске салайық, бұған дейін әншілер Тамара Асар мен Аша Матай депутаттыққа ұсынылғаны хабарланған еді.
Қазақстанда ислам ипотекасы қашан іске қосылады және ол қалай жұмыс істейді
Оқыңыз