"Тапсырыспен болып жатыр": Аша Матай депутаттықтан бас тартты деген қауесетті жоққа шығарды

Тележүргізуші әрі Құрылтай депутаттығына үміткер Аша Матай әлеуметтік желіде өзі туралы тараған ақпаратқа қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оның айтуынша, әлеуметтік желіде өзін кандидаттар қатарынан алып тастады немесе депутаттықтан бас тартты деген ақпарат шындыққа жанаспайды.
“Кейбіреулер мен туралы жалған ақпарат таратыпты. Мені кандидатурамнан алып тастады, депутат болудан бас тартты деп халықты шатастырып жатыр екен. Әрине, мұның бәрі тапсырыспен болып жатыр”, – деді Аша Матай.
Тележүргізуші Құрылтайға үміткер ретінде сайлауға қатысуын жалғастыратынын айтып, өз жеңісіне сенетінін жеткізді.
“Мен Құрылтайға үміткермін. Депутат боламын деп өзіме сенемін”, – деді ол.
ОқыңызСондай-ақ Аша Матай оқырмандары мен қолдаушыларын өзекті мәселелерін бөлісуге шақырып, халықтың сенімін ақтауға уәде берді.
“Азаматтар, оқырмандарым, тыңдармандарым, өздеріңіздің мұң-мұқтаждарыңызды маған жазыңыздар. Сенім артып, мені қолдаңыздар. Сіздердің маған артқан жүктеріңізді Құрылтайға арқалап барамын. Сіздер үшін күресемін. Сынбаймын. Мінезім мен жігерім жетерлік”, – деді ол.
Еске салайық, бұған дейін танымал тележүргізуші, “Қазақстан Халық партиясының” атынан кандидат ретінде тіркелген Аша Матай өзін ашық пікірталасқа шақырған белгілі заңгер Мейірман Шекеевтың ұсынысынан бас тартқаны хабарланған еді.
“Анамның үйреткені – қазақ қызына жеке пікірін дәлелдеу үшін ер адаммен, оның үстіне ел ағасы жасындағы кісімен сөз таластыру жараспайды. Айтарым да, арманым да бар. Дегенмен тәрбием жібермейді. Дұрыс түсінесіздер деп ойлаймын. Көкірегімді дәлелдеу үшін дауласуға жоқпын”, – деді ол.
Тележүргізуші қарсы пікір білдірген азаматтарды дауласуға емес, ел игілігі үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
“Ел үшін бірігіп жұмыс істеуге бармын. Тырнақ астынан кір іздемей, бірге жұмыс істейікші, ағалар. Жұмысымызға ақыл қосып, жүкті бірге көтермесеңіздер де, тілектес болғандарыңыздың өзі маған және бізге үлкен күш береді”, – деді Аша Матай.
Алматыдан Балиге дейін велосипедпен жеткен қазақстандық жұп 10 айлық сапары туралы айтып берді