Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Шашылсақ, тойға шашылайық": Танымал блогер тойбастарға бриллиант таратты

Жанерке Елшін жақындарымен
Фото: Instagram.com/elshinzhanerke

Танымал блогер Жанерке Елшін ата-анасының 60 жас мерейтойында қонақтарға ерекше тойбастар таратып, әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тойдан түсірілген видеоны оның сіңлісі, блогер Ақмарал Елшін әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. Кадрлардан қонақтарға жылтыраған тасы бар әшекейлердің үлестіріліп жатқанын көруге болады.

“Шашылсақ, тойға шашылайық деп, тойбастарға бриллиант тараттық”, – деп жазды Ақмарал Елшін.

Ерекше тойбастар желі қолданушыларының пікірін екіге бөлді.

Бірі мұны ысырап пен дарақылыққа балап, бағалы сыйлыққа жұмсалған қаражатты басқа мақсатқа пайдалануға болар еді деген пікір айтты. Ал енді бірі “әркім өз қуанышын қалағанынша тойлауға құқылы” деп блогерлерді жақтап шықты.

“Бекерге ақша шашу”, “Не деген есіл ақша”, “Мұндай тойбастар бізге де бұйырсын”, “Осындай қуаныш жұғысты болсын”, – деп жазды желі қолданушылары.

Көпшіліктің талқысынан кейін Жанерке Елшін де үнсіз қалмай, жағдайды түсіндірді. Оның айтуынша, тойбастарға таратылған әшекейлер жұрт ойлағандай миллиондаған теңге тұратын табиғи бриллиант емес.

“Миллиондап тұратын табиғи бриллиант болмаса да, әйел адамның көңілін көтеретін муассанит бриллианттары еді. Алла қаласа, нағыз гауһар жаудыратын гауһар тойларын жасауды нәсіп етсін деп ниеттендім”, – деді ол.

Блогер мерейтойды елге дәулет көрсету немесе асып-тасу үшін ұйымдастырмағанын да атап өтті. Айтуынша, ата-анасының 60 жасын атап өтуді көптен күткен.

“Ата-анамыздың 60 жас мерейтойын жасауға аңсап жеткен едік. Сондықтан асынып-тасынғаннан емес, туған-туыс, тілеулес болған дос-жарандардың басын қосып, қуанышымызды бөлісу еді”, – деп түсіндірді блогер.

Сөз соңында ол ата-ананың балаға берген мейірімін есейгенде өздеріне қайтару перзент үшін үлкен бақыт екенін жеткізді.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 24 Тамыз, 2026 17:35