"400 грамм үшін": Қазақстандық FlyArystan компаниясын 200 жолаушыны ұшақтан түсіріп, рейсті екі сағатқа кешіктірді деп айыптады
Әлеуметтік желі қолданушы FlyArystan әуе компаниясын 1 адам үшін 200 жолаушыны ұшақтан түсіріп, рейсті екі сағатқа кешіктірді деп айыптады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Threads қолданушысының мәліметінше, Алматыдан Астанаға бағыт алған FlyArystan әуе компаниясының кешкі FS7063 рейсі 1 жолаушы үшін екі сағатқа кешіккен. Жолаушылардың бірінің қол жүгіне қатысты туындаған дау оның ұшақтан түсірілуімен аяқталған.
Сонымен қатар қауіпсіздік талаптарына сәйкес, ұшақтағы 200 жолаушының барлығы ұшақтан түсіріліп, әуе кемесін қайтадан толық тексеруге тура келген.
"FlyArystan, бұл жалпы қалыпты жағдай ма? Бір жолаушының қол жүгі белгіленген нормадан небәрі 400 грамм асып кеткені үшін 200-ден астам жолаушысы бар бүкіл ұшақты 50 минутқа жуық бортта ұстап, рейсті екі сағатқа кешіктірді. Оның үстіне жолаушы осы 400 грамм үшін қажетті 11 мың теңгені төлеп қойған. Осыдан кейін бізді ұшақтан түсіріп, қайтадан тексеруден өтуге жіберді", – делінген жазбада.
Әуе компанияның баспасөз қызметі рейстің кешіккенін растады.
"FlyArystan компаниясы 2026 жылдың 24 тамызында Алматы – Астана бағыты бойынша FS7063 рейсі ұшар алдында жолаушылардың бірі белгіленген тасымалдау ережелерін бұзып, тәртіпке сай емес әрекет жасағанын хабарлайды. Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әуе кемесінің командирі аталған жолаушыны тасымалдаудан бас тарту туралы шешім қабылдады", – делінген хабарламада.
Компания жолаушы рейстен түсірілгеннен кейін экипаж бен авиациялық қауіпсіздік қызметі қажетті рәсімдерді жүргізгенін хабарлады.
"Жолаушының рейстен түсірілуіне байланысты авиациялық қауіпсіздіктің белгіленген талаптарына сәйкес барлық жолаушы ұшақтан түсіріліп, әуе кемесі ұшу алдындағы қайта тексеруден толық өткізілді. Қажетті рәсімдер аяқталғаннан кейін жолаушылар қайтадан ұшаққа отыруға шақырылды", – деп хабарлады компания.
Әуе компанияның мәліметінше, рейс 1 сағат 52 минутқа кешіккен. Компания жолаушылардан келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұрады.
"FlyArystan жолаушылардан амалсыз күтуге мәжбүр болғаны және рейстің кешігуіне байланысты туындаған қолайсыздықтар үшін кешірім сұрайды. Сонымен қатар ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданатын шаралар міндетті түрде орындалуы тиіс", – делінген хабарламада.
Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық сызылған пауэрбанкіне байланысты ұшаққа отыру кезінде қиындыққа тап болғаны туралы жазған едік.
20 жастағы қазақстандық қызды бұрынғы жігіті қатыгездікпен өлтірді деп айыпталды: Оқиғаның мән-жайы айтылды