Түркістан облысында жасөспірім қызды зорлады деген басты күдікті мен 12 ер адам жауапқа тартылмаған күйі, іс жабылған
Түркістан облысы Мақтаарал ауданында 17 жастағы қызға жыныстық зорлық-зомбылық жасалды, деген іске қатысты дау қайта өршіді. Жәбірленушінің туыстары мен заңгер Инга Иманбай істің толыққанды тексерілмегенін айтып, Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінен тергеуді қайта бастауды талап етті. Олардың сөзінше, қылмыстық істердің бірқатары тоқтатылып, жәбірленуші тараптың өзі мен оны қорғап жүрген адамдар қысымға ұшыраған. Бұл іске қатысты қылмыстық істер 2025 жылы тоқтатылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Істің мән-жайы...
Жәбірленуші тараптың мәліметінше, оқиға 2024 жылы тамыздың соңында Түркістан облысы Мақтаарал ауданына қарасты Өрісті ауылында болған. Сол кезде 17 жаста болған қызды туысы әрі көршісі алдап, ауылдан алып шығып, зорлаған.
Жәбірленуші тараптың айтуынша, күдікті қыздың жалаңаш күйдегі видеосын түсіріп, оны жариялаймын деп қорқытқан. Сонымен қатар қызды басқа ер адамдарға беріп, олардан ақша алып отырған.
Кейін қыздың видеосы өзгелерге таралып, бұл туралы отбасы білген. Осыдан соң туыстары полицияға арызданған. Жәбірленуші тарап бұл оқиғаға қатысты барлық мән-жай толық тексерілмегенін айтып, істі қайта тергеуді талап етіп отыр.
“Екі жылдан бері әділдік іздеп жүрміз”
Жәбірленушінің отбасы екі жылдан бері істің мән-жайын анықтауға тырысып жүр. Алайда әлі күнге дейін әділ шешімге қол жеткізе алмай жатыр.
“Қызым кәмелет жасына толмаған кезде істі тоқтатуға қатысты құжаттарға оның атынан қол қойылған. Ол кезде қызымның жеке куәлігі де болмаған еді. Соған қарамастан нотариус мұндай жағдайда сенімхатты қалай рәсімдегені күдік тудырады” , – дейді жәбірленушінің әкесі.
Оның пікірінше, істің тоқтатылуына қатысты шешімнің заңдылығы тексерілуі керек. Әкесі отбасының заңгерлерге жүгініп, арыз-шағым түсіргеніне қарамастан, мәселе шешілмей келе жатқанын айтты.

“Екі жылдан бері әділдік іздеп жүрміз. Ол адам бірнеше жылға сотталып, үш айдан кейін босап шыққан. Мұны қалай түсінеміз? Заң бәріне бірдей болуы керек қой. Қарапайым халықтың құқығын кім қорғайды”, – деді ол.
Әкесі қазір қызының үйден сирек шығатынын, басынан өткен жағдайдан кейін оның психологиялық күйі нашарлағанын да айтты. Тіпті қызы өзіне қол жұмсауға әрекет жасап, бірнеше рет ауруханаға түскен.
“Қызымды жалғыз қалдырмай, оның қауіпсіздігіне алаңдап отырмыз. Оның үстіне әлгі күдіктілер күнделікті есік алдынан көлікпен өтіп, мазақ қылғандай сигнал басып кетеді. Бетімізге күліп қарайды”, – дейді әкесі.
Сонымен қатар ол күдікті деп көрсетілген адамның бостандықта жүргеніне наразы екенін айты. Жәбірленушінің әкесі, құқық қорғау органдарынан істің барлық мән-жайын тексеруді талап етті.
Керісінше жәбірленушінің туысына қылмыстық іс қозғалған...
Заңгер Инга Иманбай бұл іске бір жылдан астам уақыт бұрын араласа бастаған. Осы уақыт ішінде тергеуді қайта бастау жөнінде бірнеше рет арыз-шағым түсірілгенімен, нәтиже болмаған.
“Бұл іске кіріскенімізге бір жылдан астам уақыт өтті. Бармаған органымыз, жазбаған арыз-шағымымыз жоқ. Іс тоқтатылған соң оны қайта бастауға бірнеше рет әрекет жасадық. Бірақ тергеуді қайта жүргізуге, қызды аты аталған азаматтармен беттестіруге мүмкіндік берілмей отыр”, – деді ол.
Заңгердің пікірінше, істің тоқтатылуына қатысты шешімдердің заңдылығын тексеріп, әр адамның әрекетіне жеке құқықтық баға беру қажет.
“Тергеу барысында қандай да бір заң бұзушылық немесе мүдделер қақтығысы болған-болмағанын анықтау үшін істің барлық материалын зерттеу керек. Тергеу қайта басталса, іс не себепті тоқтатылғанын және сол кезде қандай процессуалдық шешімдер қабылданғанын анықтауға мүмкіндік туады”, – деді заңгер.
Инга Иманбайдың айтуынша, қазір жәбірленушінің ағаларының біріне қатысты да қылмыстық іс қозғалған.

Заңгердің сөзінше, қыз ағасымен бірге көшеде келе жатқан. Сол кезде қыз өзін зорлады делінген ер адамдардың бірін көрген. Қыз оны ағасына көрсеткен. Ал ағасы әлгі адамға жақындаған. Сол кезде ер адам бірден полиция шақырып, қыздың ағасы өзін ұрғанын айтып, шағымданған.
Заңгер бұл жағдайды жәбірленуші тарапқа жасалған қысымның бір көрінісі деп санайды.
“Олардың жауапқа тартылмағаны аздай, енді қыздың туыстары мен оны қорғап жүрген адамдарға қатысты істер қозғалып жатыр. Бұл қалай болғаны? Әділдік талап еткен адамдардың өздері қудалауға ұшырамауы керек”, – деді заңгер.
Оның пікірінше, мұндай жағдайлар жәбірленушілердің құқық қорғау органдарына жүгінуіне кедергі келтіруі мүмкін.
Заңгер Инга Иманбай істі қайта бастауға мүмкіндік берілмей отырғанын сынға алды. Оның сөзінше, тергеу толық жүргізілсе, жәбірленушінің көрсетулерін тексеріп, оқиғаға қатысы болуы мүмкін әр адамның әрекетіне құқықтық баға беруге болады.
Бұған дейінгі баспасөз мәслихатында жәбірленушінің беттестіру кезінде алты ер адамды танығаны айтылған. Ал қазіргі өтініштерде қыз жыныстық зорлық-зомбылыққа қатысы бар деп көрсеткен 12 ер адамның әрекетіне жеке-жеке баға беру мәселесі көтерілген.
Заңгердің айтуынша, тергеу органдары әр адамға қатысты қандай шешім қабылданғаны туралы сауалға толық жауап бермеген.
“Біз сот емеспіз, ешкімді кінәлі деп кесіп айта алмаймыз. Бірақ тергеуді қайта бастауды, барлық мән-жайды ашық тексеруді талап етеміз. Жәбірленушінің көрсетулерін тексеріп, тиісті адамдармен беттестіру жүргізілсін. Кім кінәлі болса, заң алдында жауап берсін, ал кінәсіз адам ақталсын”, – деді Инга Иманбай.
Ол күдікті деп көрсетілген адамдардың да заңмен қорғалуға және адвокат көмегін алуға құқығы бар екенін айтты. Алайда олардың кінәлі не кінәсіз екені толық әрі әділ тергеу мен сот барысында анықталуы керек деп санайды.
“Істің мән-жайын білгім келді, бірақ өзіме іс қозғады”
Блогер Жан Ахмадиевтің айтуынша, ол былтыр осы оқиға туралы ақпарат таратып, жәбірленушінің құқығын қорғау мәселесін көтерген. Оның сөзінше, өздеріне қызды зорлады, бейнежазба арқылы бопсалады және басқа ер адамдармен жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрледі деген мәліметтер жеткен.
“Қазір жәбірленуші тарап күдікті деп көрсеткен азамат бейнежазбаны тарату дерегі бойынша ғана жауапқа тартылған. Кейін рақымшылыққа ілініп, бостандыққа шыққан. Бұл істің басқа да ықтимал қылмыстар бойынша толық тергелмегеніне наразымыз. Біз ол ауылға барып, күдіктімен де сөйлесуге тырыстық. Соның салдарынан қазір маған да арыз түсіп, Мақтаарал аудандық полициясы қысым көрсетіп жатыр”, – деді блогер.
Блогер жәбірленушінің психологиялық тұрғыдан ауыр жағдайды бастан өткергенін де айтты.
Қылмыстық істер қашан тоқтатылды?
2025 жылы 1 тамызда тергеу органдары Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша тіркелген істерді қылмыстық құқық бұзушылық құрамы жоқ деген негізбен тоқтатқан.
Олар:
- 120-бап – зорлау;
- 123-бап – жыныстық қатынасқа немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттерге мәжбүрлеу;
- 311-бап – порнографиялық материалдарды немесе заттарды заңсыз тарату.
Ал қыздың бейнежазбасын тарату дерегі бойынша Қылмыстық кодекстің 147-бабымен (Жеке өмiрге қолсұғылмаушылықты және Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу) жеке іс қозғалған. Бұл бап жеке өмірге қолсұғылмаушылықты және дербес деректерді қорғау туралы заңнаманы бұзуға қатысты. Полиция бұл іс бойынша бір адамға айып таққан.
2026 жылы 28 тамызда жәбірленуші тарап істің тоқтатылу заңдылығын тексеріп, тергеуді қайта бастауды талап еткен. Осылайша прокуратура мен полицияға ресми түрде жүгінген. Алайда 8 қыркүйекте келген жауапта олардың негізгі уәждеріне нақты құқықтық баға берілмеген.
Заңгердің мәліметінше, қазір жәбірленуші жыныстық зорлық-зомбылыққа қатысы бар деп көрсеткен 12 ер адам және оны қанауды ұйымдастырды деп айыпталған туысы бостандықта жүр.
Жәбірленуші тараптың талабы қандай?
Жәбірленушінің туыстары, заңгер Инга Иманбай мен блогер Жан Ахмадиев Бас прокуратураға, Ішкі істер министрлігіне және құқық қорғау органдарының басшылығына үндеу жасады.
Олар:
- қылмыстық істерді тоқтату туралы шешімдердің заңдылығын тексеруді;
- заңсыз немесе негізсіз деп танылған қаулылардың күшін жоюды;
- тергеуді қайта бастап, істің барлық мән-жайын жан-жақты тексеруді;
- іс бойынша аты аталған әр адамның әрекетіне жеке құқықтық баға беруді;
- жәбірленушінің туыстары мен оны қорғап жүрген адамдарға заңсыз қысым көрсетілмеуін қамтамасыз етуді талап етті.
Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысында ер адам 17 жастағы қызды бір жыл бойы зорлап келгені туралы жазған едік.
Түркістан облысында жасөспірім қызды зорлады деген басты күдікті мен 12 ер адам жауапқа тартылмаған күйі, іс жабылған
