Ер адам жаз бойы өзеннен балық аулау арқылы 58 миллион теңге тапқан
АҚШ-та балықшы бір жазда жыртқыш балық аулап, 58 миллион теңгеге жуық табыс тапқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Wired2Fish басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Балықшы жаз бойы солтүстік пикеминноу деп аталатын жыртқыш балықтың 13 062 данасын аулаған. Нәтижесінде әр балық үшін орта есеппен 10,18 доллардан сыйақы алған. Осылайша оның бір маусымдағы табысы 132 960 долларға, яғни шамамен 58 миллион теңгеге жеткен.
АҚШ-та балықшыларға жыртқыш балық аулағаны үшін ақша төлейтін бағдарлама бар. Ол 1991 жылдан бері жұмыс істейді. Бағдарламаның мақсаты – жыртқыш пикеминноудың албырт пен бақтақтың шабақтарын жеуіне жол бермеу. Сондықтан балықшылар осы балықты неғұрлым көп ауласа, соғұрлым көп сыйақы алады.
Бағдарламаны экологиялық қорлар мен АҚШ-тың балық шаруашылығына жауапты мекемелері қаржыландырады.
Балықшылардың алатын ақшасы аулаған балық санына байланысты. Ұзындығы 23 сантиметрден асатын алғашқы 25 балықтың әрқайсысы үшін 6 доллар төленеді. Одан кейінгі 26-дан 200-ге дейінгі балықтың әрқайсысына 8 доллардан беріледі. Ал 200-ден асқан әр балық үшін 10 доллар төленеді.
Ғалымдар арнайы белгі салған балықты ұстағандарға бұдан да көп ақша беріледі. Егер балықтың сыртында белгі болса, балықшы 500 доллар, ал ішкі белгісі болса, 200 доллар алады.

Бағдарлама басталғалы бері балықшылар 6 миллионға жуық пикеминноу аулаған. Соның нәтижесінде албырт шабақтарының жыртқыш балықтарға жем болу көрсеткіші 40 пайызға төмендеген.
2026 жылғы балық аулау маусымы 1 мамырдан 30 қыркүйекке дейін жалғасты. Осы уақыт ішінде бағдарламаға қатысушылар 116 мыңнан астам пикеминноу аулаған.
Бұл кәсіп кейбір балықшыларға қомақты табыс әкеліп жүр. Мысалы, 2023 жылы маусымның ең көп ақша тапқан қатысушысы 107 800 доллар алған. 2024 жылы бір балықшы 16 150 балық аулап, 164 260 доллар табыс тапқан. Ал 2025 жылғы маусымның ең жоғары табысы 159 310 доллар болған.
"Адам қанын ішіп, етін жеген": Атышулы каннибал Жұмағалиевтің қылмыстары неге жылдар бойы ашылмай келді