Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық Ташкент метросында 4,5 миллион теңгесін түсіріп алған: Ол өз ақшасын күтпеген жағдайда қайтарды

Ташкентте 4,5 миллион теңге түсіріп алған
Фото: Камера кадрларынан скрин

Көлік алуға Ташкентке барған қазақстандық 10 мың доллар (4,5 миллион теңгесін) метрода түсіріп алып, өзі байқамай қалған. Ер адам оны автонарыққа жеткенде ғана жоғалтқанын біліп, күдерін үзген. Алайда күтпеген орын алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ташкент метрополитенінің баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға метро станцияларының бірінде болған. Ақшаны жолаушылардың бірі байқап қалған. Ол шетел валютасындағы қомақты қаражат салынған пакетті көріп, оны метроның қауіпсіздік қызметкерлеріне тапсырған.

Өзбекстан Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, ақшаның иесін табу үшін Face-ID бет-әлпетті тану жүйесі қолданылған. Нәтижесінде 10 мың доллар толық көлемде заңды иесіне қайтарылды.

Белгілі болғандай, ер адам ақшасын жоғалтқанын тек автонарыққа барған кезде білген.

"Мен “Алмазар” метро станциясынан Сергели бағытына қарай келе жатқанмын. Сол кезде сөмкемнен 10 мың доллар түсіп қалған екен. Қатты асығып, оны байқамаппын. Метро қызметкерлері мен ішкі істер органдарына рақмет! Олар ақшамды тауып, Face-ID арқылы мені іздеген. Ақшамды жоғалтқанымды тек автонарыққа келгенде білдім. Қаражатымды қайтарып берді", – деді Қазақстан азаматы.

Ер адам көрші елдің Ішкі істер органдарына шексіз алғысын білдірді.

Гүлсезім Мұхатай
Сенбі, 10 Қазан, 2026 18:56