Әлемнің үздік спортшылары Астанада бас қосады: Дзюдодан келесі әлем чемпионаты Қазақстанға сеніп тапсырылды

Қазақстан 2027 жылы дзюдодан әлем чемпионатын қабылдайтын болды. Бакуде Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) туы Қазақстанға ресми түрде табысталды. Енді әлемнің үздік дзюдошылары келесі жылы елордада бас қосады.
Қазір Әзербайжанның Баку қаласында дзюдодан әлем чемпионаты өтіп жатыр. 4–11 қазан аралығына жоспарланған жарысқа әлемнің үздік спортшылары қатысып, чемпиондық атаққа таласуда.
Чемпионат барысында келесі әлем біріншілігін ұйымдастыруға қатысты рәсім де өтті. Бакуде Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) туын Қазақстан өкілдеріне табыстау рәсімі ұйымдастырылды.

Туды IJF бас хатшысы Лиза Аллан Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеевке тапсырды. Ал бұған дейін туды Лиза Алланға Әзербайжан дзюдо федерациясының вице-президенті Эльнур Мамедли берген болатын.
Оы тұста Қуанышбек Есекеев бұл тарихи оқиғаның еліміздегі дзюдо спортының дамуына жаңа жол ашатынын алға тартты.

“Дзюдодан әлем чемпионатын Қазақстанда өткізу – отандық спорт үшін өте маңызды оқиға. Бұл халықаралық спорт қауымдастығының елімізге деген жоғары сенімін көрсетеді. Біз үшін бұл үлкен мәртебе ғана емес, сонымен қатар үлкен жауапкершілік”, – деді ол.
Қуанышбек Есекеев келер жылғы чемпионатты халықаралық талаптарға сай жоғары деңгейде ұйымдастырудан бөлек, отандық спортшылар дайындығына да ерекше назар аударылатынын жеткізді.
“Ұлттық құраманың дайындығына да ерекше көңіл бөлеміз. Өз елінде, жанкүйерлерінің алдында күрес алаңына шығу спортшыларымызға қосымша жауапкершілік жүктейді. Сондықтан олардың жақсы нәтиже көрсетуіне қажетті жағдайдың бәрін жасауға ниеттіміз. Дайындық жүйесін жетілдіріп, сапалы жаттығу жұмыстарын ұйымдастырып, спортшылардың халықаралық жарыстарға қатысуына мүмкіндік береміз. Алда ауқымды жұмыс күтіп тұр. Бұл чемпионат Қазақстанның әлемдік спорттағы беделін арттырып қана қоймай, елімізде дзюдоны дамытуға да тың серпін береді деп сенеміз", – деп қосты ол.

Қазақстан дзюдодан әлем чемпионатын екінші рет қабылдағалы отыр. Еліміз алғаш рет бұл жарысты 2015 жылы өткізген. Сол кезде Астанада әлемнің үздік дзюдошылары бас қосып, жанкүйерлер тарихи финалдың куәсі болды: 60 келіге дейінгі салмақта екі қазақстандық спортшы – Елдос Сметов пен Рүстем Ибраев чемпиондық атаққа таласты. Нәтижесінде Сметов алтын, Ибраев күміс медаль иеленді.
Қазақстан соңғы жылдары дзюдодан халықаралық жарыстарды тұрақты өткізіп келеді. 2023 жылдан бері елде жыл сайын Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирі ұйымдастырылып, оған әлемнің мықты спортшылары қатысып жүр. Мұндай жарыстар дзюдошыларға халықаралық рейтингте ұпай жинауға мүмкіндік беріп қана қоймай, қазақстандық жанкүйерлерге әлемдік деңгейдегі белдесулерді өз көздерімен көруге жағдай жасайды.

Енді 2027 жылы Астана дзюдо әлемінің назарын қайтадан өзіне аударады. Әлем чемпионаты еліміздің халықаралық спорттық жарыстарды ұйымдастыру тәжірибесін тағы бір мәрте көрсетіп, отандық дзюдошыларға өз жанкүйерлерінің алдында бақ сынауға мүмкіндік береді.
Ал Бакуде өткен биылғы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы күміс медаль жеңіп алды. 60 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Шерзод Давлатов финалға дейін жетіп, әлем біріншілігінің күміс жүлдегері атанды.
"Адам қанын ішіп, етін жеген": Атышулы каннибал Жұмағалиевтің қылмыстары неге жылдар бойы ашылмай келді