Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысында дәрігер куәгер ретінде тергеуге барып келген соң өзіне қол жұмсаған

дәрігер өлімі
Фото: Nayza Kokshe

Ақмола облысында 38 жастағы Есіл аудандық ауруханасының терапевті Екатерина Шлегельдің өлімі тергеліп жатыр. Ол өз-өзіне қол жұмсаған. БАҚ мәліметінше, қайғылы жағдайдың алдында дәрігер Экономикалық тергеу департаментінде жауап беріп, телефонын тапсырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Nayza Kokshe басылымының мәліметінше, марқұм Екатерина Шлегель оқиға алдында Алматыдағы демалысынан оралған. 

“Қайғыдан қан жұтқан анасы мен әпкесі Катяның неліктен өмірден өткенін түсінуге тырысуда. Белгілі болғандай, қайғылы оқиғаға дейін дәрігерді Көкшетаудағы Экономикалық тергеу департаментіне жауап алуға шақырған. Оның қылмыстық іс бойынша куәгер ретінде өткендігі айтылады. Яғни, күдікті емес, куәгер болған. Департаментте не болғаны әзірге белгісіз. Оның телефонын тәркілеген. Үйіне оралған соң оның көңіл күйі түсіп кеткен. Ол анасының үй телефонынан әпкесіне қоңырау шалған. Кейін өз үйіне кеткен. Алайда келесі күні жұмысқа келмеген. Кешке қарай оны әпкесі тауып алған”, – деп жазды Сәуле Құсайынова.

Марқұмның денесінің жанынан анасына арналған қоштасу хаты табылған. Онда "Сені сағынамын" деген сөздер жазылған.

Бұл деректі Ақмола облысының полиция департаменті растады.

"Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәлімет бойынша, Есіл ауданының 38 жастағы тұрғыны өз-өзіне қол жұмсаған. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталуда", – деп хабарлады полиция.

Гүлсезім Мұхатай
Сенбі, 10 Қазан, 2026 09:57