Қазақстан әлемдегі ең ықпалды елдер рейтингінде Орталық Азияда көшбасшы атанды
Қазақстан әлемдегі ең ықпалды 100 елдің қатарына еніп, халықаралық рейтингте 34-орынға көтерілді. Ел көрші елдердің біразынан озып, Орталық Азиядағы көшбасшылығын сақтап қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл Most Powerful Countries 2026 рейтингтінде анықталды. Халықаралық World Population Review платформасы жариялаған тізімге 100 мемлекет енген. Рейтинг U.S. News & World Report басылымының жыл сайынғы зерттеуіне негізделген.
Қазақстан бұл тізімде Мысыр, Дания, Біріккен Араб Әмірліктері, Норвегия, Сауд Арабиясы, Иран және басқа да бірқатар елден жоғары тұр.
Рейтинг авторлары мемлекеттерді бес көрсеткіш бойынша бағалайды. Олардың қатарында экономикалық және саяси ықпал, көшбасшылық, халықаралық серіктестік пен әскери одақтар бар.
Елдің қуаты әскери әлеуетіне, экономикасына және мәдени ықпалына қарай анықталады. Сонымен қатар рейтингте жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) мен жан басына шаққандағы ЖІӨ көрсеткіштері де берілген.
Үздік үштікке:
- Қытай;
- АҚШ;
- Үндістан кірді.
Одан кейін:
- Германия;
- Жапония;
- Оңтүстік Корея;
- Франция;
- Ұлыбритания;
- Мексика және Италия орналасқан.
Бұрынғы Кеңес Одағы елдерінің арасында Қазақстан тек Ресейден кейін тұр. Ресей рейтингте 11-орынға жайғасқан. Ал тізімге енген өзге посткеңестік мемлекеттер Қазақстаннан төмен орналасқан. Олардың арасында Украина (51-орын), Литва, Беларусь, Өзбекстан, Латвия, Эстония, Армения және Грузия бар.

Орталық Азия елдерінің ішінде рейтингке Қазақстан мен Өзбекстан ғана енген. Екі елдің арасында 37 орын айырмашылық бар.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстан экономикасы былтыр 6,5 пайызға өскен. Бұл өсімге өнеркәсіп, көлік, құрылыс және сауда салалары айтарлықтай үлес қосқан. Былтыр елдің жалпы ішкі өнімі 305 миллиард доллардан асқан. Осы көрсеткіш бойынша Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі экономика болып отыр.
Халықаралық валюта қорының сәуір айындағы болжамына сәйкес, биыл Қазақстанда жан басына шаққандағы ЖІӨ 17,5 мың долларға жетуі мүмкін. Бұл – қор деректеріндегі ең жоғары көрсеткіш.
Қазақстанның халықаралық аренадағы рөлі
Қазақстан халықаралық аренадағы рөлін де күшейтіп келеді. 2024 жылы БҰҰ миссиясына алғаш рет жеке бітімгерлік контингентін жіберді. Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған өңірлік орталығы ашылды. Сонымен қатар Қазақстан Авраам келісімдеріне қосылып, АҚШ бастамасымен құрылған Бейбітшілік кеңесінің негізін қалаушы елдердің қатарына енді.
Қазақстанның халықаралық саудадағы рөлі де артып келеді. Қазақстанның Alem.Cloud суперкомпьютері әлемдегі ең қуатты жүйелердің Top500 тізімінде 86-орынға ие болды. Бұл – елдің аталған рейтингтегі алғашқы жүздікке алғаш рет енуі.
Бұған қоса, сәуірде Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммитте Орталық Азия елдері экологиялық ынтымақтастық туралы декларация қабылдады. Сондай-ақ халықаралық су ұйымын құру мәселесі талқыланды. Саммит Қазақстанның өңірлік мәселелерді шешудегі рөлін көрсетті.
U.S. News & World Report дерегінше, үш жыл бұрын Қазақстан рейтингте 50-орында болған. Содан бері ел 16 сатыға көтеріліп, Орталық Азиядағы ең жоғары нәтижесін сақтап қалды. Осы уақыт ішінде рейтингке енген мемлекеттер саны да 13-ке артты.
"Адам қанын ішіп, етін жеген": Атышулы каннибал Жұмағалиевтің қылмыстары неге жылдар бойы ашылмай келді