Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кемесі батып кеткен екі балықшы тоңазытқышты паналап, бес күн аман қалған

Теңізде қалып кеткен балықшылар
Фото: Mexican Navy

Мексикада кемесі суға батып кеткен екі балықшы ашық теңізде бес күн бойы тоңазытқыш жәшіктің ішінде қалқып жүріп, аман қалды. Ер адамдар осы уақыт ішінде тамақсыз әрі сусыз болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі CNN-ге сілтеме жасап хабарлайды.

53 және 32 жастағы екі балықшы 14 тамызда із-түзсіз жоғалған. Олар байланысқа шықпаған соң, балықшылар кооперативі құтқарушыларға хабар берген.

Мексиканың әскери-теңіз күштері Тынық мұхитының жағалауға жақын бөлігін әуеден де, судан да іздестірген. Ақыры балықшылар Чьяпас штатының жағалауынан шамамен 24 шақырым жерден табылды.

Кейінірек олардың балық аулауға шыққан кемесі суға батып кеткені белгілі болды. Екеуі ажалдан аман қалудың амалын іздеп, балық сақтауға арналған үлкен тоңазытқыш жәшікке кіріп үлгерген. Содан бес күн бойы ашық теңізде ағыспен қалқып жүрген. Қастарында ішер су да, жейтін ас та болмаған.

Құтқарушылар оларды кемеге мінгізіп, портқа жеткізді. Дәрігерлер қажетті көмек көрсеткеннен кейін балықшылар отбасыларына оралды.

“Осы бес күннен аман шығамыз деп ойламадық. Қолымыздан келгені – Құдайға сыйынып, көмек күту ғана болды”, – дейді олардың бірі.

Екінші балықшы мұндай ауыр жағдайды ешкімнің, тіпті қас жауының да басына тілемейтінін айтқан.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 24 Тамыз, 2026 22:19