Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне себеп болған тұрғын үйдің қасбеті әлі жөнделмеген
Астанада жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның өліміне себеп болған үйдің қасбеті оқиғадан бір жыл өткеніне қарамастан әлі толық жөнделмеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Время” басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиғадан кейін ғимараттың қасбеті жұқа тормен қоршалып, кейбір учаскелері монтаж көбігімен бітелген. Кейін қоршаулар да алынып тасталған.
Алайда тұрғындардың айтуынша, толыққанды жөндеу жұмыстары жүргізілгенін растайтын ешқандай құжат көрсетілмеген.
“Бір жерін жауып, осымен тоқтады. Қабырғада терең жарықшақ сол күйі қалып қойды, ал орнатылған тор салбырап, қабырғаны ұстап тұрған жоқ”, – дейді тұрғын Бақытгүл Ізтілеуова.
Сонымен қатар тұрғынның айтуынша, 2026 жылдың ақпанында жасалған техникалық қорытындыда үйдің жағдайы төртінші дәрежелі апатты деп көрсетілген.
Мәселені шешу үшін әкімдікке жүгінген тұрғындарға үйдің қасбетін өз қаржыларына жөндету ұсынылған.
"Бізге үйді жөндеу үшін несие алу ұсынылды. Мемлекет ештеңе істемейді деді", – дейді тұрғын.
Тұрғынның айтуынша, бұл үйде зейнеткерлер мен кішкентай балалары бар отбасылар тұрады. Ал несие бойынша ай сайынғы төлем шамамен 50 мың теңге болуы мүмкін. Бұл пәтерақыдан бөлек төленеді. Сонда коммуналдық және басқа да тұрғын үй төлемдерін қоса есептегенде, ай сайынғы шығын 100 мың теңгеге жуықтайды.
“Сонда адамдар өз үйлерін өздері жалға алғандай болады”, – дейді ол.
Алайда тұрғындарды алаңдатқан мәселе қабырғаның жағдайымен ғана шектелмейді. Олардың пікірінше, болған жағдайға жауапкершілікті мүлік иелерінің бірлестігінің (МИБ) төрағасына ғана жүктеуге болмайды.

Тұрғындар негізгі жауапкершілікті үйді салған құрылыс компаниясы мен нысанды пайдалануға қабылдаған тұлғалар арқалауы қажет деп есептейді.
Тұрғындардың мәліметінше, қасбеттің кірпіш қабырғасын үйдің негізгі құрылымымен байланыстырып тұруы тиіс арматураның болмағаны анықталған. Сонымен қатар ғимараттың жанында тұрғындардың пікірінше, құрылыс талаптарын бұза отырып салынған жапсарлас құрылыс болған.
Қайғылы оқиға болған ғимараттар арасындағы өткел де бөлек мәселе болып отыр. Тұрғынның айтуынша, ол жер апаттық шығу жолы ретінде жабық тұруы тиіс болған, өйткені онда қалған адам “қақпанға” түскендей болады.
“Ол жерге мұз құлауы мүмкін, жалпы кез келген нәрсе құлауы ықтимал! Ал бұл өткелдер ашық күйінде тұр. Неліктен ешкім апаттық шығу жолдарын бақыламайды?”, – деп сұрайды Ізтелеуова.
Оның айтуынша, он ай ішінде тұрғындар әкімдікке, қалалық прокуратураға, Бас прокуратураға, тұрғын үй басқармасына және басқа да мекемелерге бірнеше рет жүгінген.
Алайда нәтижесінде МИБ төрағасы қажетті шараларды қабылдамаған деген айыппен сот алдында отыр. Ал тұрғындар он ай бойы адам өліміне әкелген қауіптің көзін жоюды мемлекеттік органдардан талап етіп келеді.
Еске салсақ, 18 тамыз күні Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот процесі басталғаны туралы жазған едік. Іс бойынша Ұлдана қаза тапқан үйдің МИБ төрайымы Сәуле Жұбаниязоваға қылмыстық кодекстің "міндеттеріне адал қарамау" бабы бойынша айып тағылған. Айыпталушы сотта өзіне тағылған айыппен келіспейтінін және кінәні мойындамайтынын мәлімдеді.
Алғашқы сот отырысында марқұмның бұрынғы күйеуі жәбірленуші мәртебесінен бас тартқысы келетінін мәлімдеді. Алайда сот оның өтінішін қанағаттандырудан бас тартты.
Айта кетейік, марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның күйеуі қайғылы оқиғадан 8 ай өткен соң қайта шаңырақ көтеріп, көптің сынына қалған еді.
20 тамыздағы сотта жәбірленуші ретінде танылған марқұмның бұрынғы күйеуі Әділет Зейнел әкімдік берген 20 миллион теңгенің қайда жұмсалғанын айтып берді. Ол өтемақының 4,5 миллион теңгесін Ұлдананың анасына бергенін мәлімдеген еді.
Мән-жайы
Еске салайық, фельдшер Ұлдана Мырзуан 2025 жылдың қарашада Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде қайғылы жағдайда қаза тапты. Ол тұрғындарға медициналық көмек көрсетуге барған сәтте көпқабатты тұрғын үйдің сыртқы қасбетіндегі кондиционер блогы құлап, ауыр жарақат алған. Дәрігерлер бірнеше күн бойы оның өмірі үшін күрескенімен, 18 қарашада жас фельдшер ауруханада көз жұмды.
Кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлдана Мырзуанды қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін қайтыс болғаннан кейін "Ерлігі үшін" медалімен марапаттады.
20 жастағы қазақстандық қызды бұрынғы жігіті қатыгездікпен өлтірді деп айыпталды: Оқиғаның мән-жайы айтылды