Ұлдана Мырзуан ісі: Айыпталушы куәгерден қалай күдіктіге айналғанын түсінбейтінін айтты
Астанада Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты іс бойынша айыпталушы Сәуле Жұбаниязова куәгерден күдіктіге айналғанына таң қалғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралып жатқан іс бойынша айыпталушы – қайғылы оқиға болған үйдің мүлік иелерінің бірлестігінің (МИБ) төрайымы Сәуле Жұбаниязова.
"Мені куәгерден күдікті еткеніне әлі күнге дейін таң қалып отырмын. Қаржы жетіспеушілігінен толық дайындалуға немесе адвокат табуға мүмкіндігім болмады. Мен жалғызбасты анамын, екі баланы жалғыз тәрбиелеп отырмын және өз үйім жоқ. Қазір бүкіл алаңдаушылық білдірген адамдар маған қаражат жинауға көмектесіп жатыр", – деді айыпталушы көз жасын тыя алмай.
Ол 2016 жылы бұрынғы басшылық оған ғимараттың 30%-ы қауіпсіз емес екенін көрсететін құжаттарды ұсынбағанын айтты.
Ол алты ай ғана мүлік иелерінің бірлестігінің төрайымы қызметін атқарған және ешқандай мәселелерді байқамаған.
"Қасбетті тексеру 5-тен 10 миллион теңгеге дейін тұрады. Бірақ түсінесіз бе, қасбетті қарасаңыз, бәрі жақсы көрінеді. Ішінде не болып жатқанын қайдан білдім? Бұл жасырын құрылыс ақаулары", – деді ол.
Еске салсақ, 18 тамыз күні Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот процесі басталғаны туралы жазған едік. Алғашқы сот отырысында марқұмның бұрынғы күйеуі жәбірленуші мәртебесінен бас тартқысы келетінін мәлімдеді. Алайда сот оның өтінішін қанағаттандырудан бас тартты.
Айта кетейік, марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның күйеуі қайғылы оқиғадан 8 ай өткен соң қайта шаңырақ көтеріп, көптің сынына қалған еді.
Мән-жайы
Еске салайық, фельдшер Ұлдана Мырзуан 2025 жылдың қарашада Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде қайғылы жағдайда қаза тапты. Ол тұрғындарға медициналық көмек көрсетуге барған сәтте көпқабатты тұрғын үйдің сыртқы қасбетіндегі кондиционер блогы құлап, ауыр жарақат алған. Дәрігерлер бірнеше күн бойы оның өмірі үшін күрескенімен, 18 қарашада жас фельдшер ауруханада көз жұмды.
Кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлдана Мырзуанды қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін қайтыс болғаннан кейін "Ерлігі үшін" медалімен марапаттады.
Ақмолада 13 жастағы бала көкпар ойнап жүріп, қаза тапты: Туыстары оны атпен қағып өткен адамның жазасыз қалғанына наразы
