Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Желіде полицейлер өзін "күлгені үшін" жазалағанын айтып, жалған мәлімдеме жасаған қыз қамауға алынды

Күдікті
Фото: Видеодан скрин

Қызылордада әлеуметтік желіде полиция қызметкерлері өзін "күлгені үшін" жазалағанын айтып, мәлімдеме жасаған қыз қамауға алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Әлеуметтік желілерде полиция қызметкерлері өзін "күлгені үшін" жауапкершілікке тартқанын айтқан қыздың видеосы тарады. Ішкі істер министрлігі бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

Министрлік мәліметінше, полиция қызметкерлері терезелері ашық тұрған көлікке назар аударған. Көлік салонынан музыка қатты шығып, ішінде отырған қыздар түнгі уақытта тыныштықты бұзып, қатты айқайлаған.

"Полиция қызметкерлері көлікке жақындап, құжаттарды тексеріп, жүргізушіге не себепті тоқтатқанын сабырлы түрде түсіндіреді. Қызметкерлер тек ауызша ескерту жасап, кейін қызды жібере салған. Оған ешқандай айыппұл салынбаған және әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған. Қыз эмоцияға беріліп, полиция қызметкерлерімен дауыс көтеріп сөйлесіп, видео түсіре бастаған. Кейін болған оқиғаны әлеуметтік желілерде бұрмаланған түрде жариялаған", – делінген полиция хабарламасында.

Алайда оқиғаның барлығы полицейлердің кеудеге тағылатын бейнетіркегіштеріне жазылып алынған. Тексеру барысында полиция қызметкерлерінің әрекетінен заңбұзушылық анықталмаған.

Ішкі істер министрлігі Қызылорда қаласының 22 жастағы тұрғынының түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны, полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбағаны, ұсақ бұзақылық жасағаны, сондай-ақ жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікке тартылғанын хабарлады.

Сот шешімімен қыз қамауға алынған. Сонымен қатар оған әкімшілік айыппұлдар салынып, ресми ескерту жасалды.

"Тиісті шаралар қабылданғаннан кейін қыз әлеуметтік желілердегі тиісті жарияланымдарын өшірді. Полиция қызметкерлерін құрметтемеу, арандатушылық әрекетке бару және жалған ақпарат тарату құқықтық бағалаусыз қалмайтынын ескертеміз", – делінген хабарламада. 

Еске салсақ, бұған дейін Астанада "Мәңгілік Ел" қақпасының маңында балағат сөздері бар ән айтқан шетелдік бойжеткенге айыппұл салынғаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 24 Тамыз, 2026 22:58