Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Толқын шайып кеткен балықшы көбікпластқа жармасып, ашық теңізде төрт күн қалқыған

Чыонг Ван Чунг
Фото: A Loc / Tuoi Tre

Вьетнамда теңізге құлап кеткен балықшы төрт тәулік бойы ашық суда көбікпластиктің бір бөлігіне жармасып жүріп, аман қалды. 46 жастағы ер адамға өмірден үміт үзбеуге балалары туралы ой көмектескен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tuoi Tre News-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға 12 тамызда болған. Екі баланың әкесі Чыонг Ван Чунг балық аулайтын кемеде жұмыс істеп жүрген. Телефон қоңырауына жауап беру үшін палубаға шыққан сәтте қатты толқын оны теңізге шайып әкетеді.

Суға құлаған кезде ол қара түсті көбік пластиктің бір бөлігіне жармасып үлгерген. Содан кейін төрт күн, яғни 96 сағат бойы ашық теңізде қалқыған. Осы уақыт ішінде оның қасында тамақ та, ауызсу да болмаған. Шөл қыса бастағанда амалсыздан теңіз суын ұрттаған кездері де болған.

Балықшы уақытты күннің шығуы мен батуына қарап шамалап отырған. Оның сөзінше, өмір үшін күресуге екі баласы туралы ой күш берген. Балалардың анасы жоқ болғандықтан, ол “олар үшін тірі қалуым керек” деп өзін жігерлендірген.

16 тамыз күні кешке жағалаудан шамамен 80 теңіз милі қашықтықта жүрген әскери кеме әбден әлсіреген балықшыны байқайды. Қараңғылыққа, қатты жел мен биік толқындарға қарамастан, теңізшілер оны кемеге көтеріп алған.

Төрт күн бойы суда қалған Чунгтың әлсірегені сонша, өзі құлаған кеменің атауын да есіне түсіре алмаған. Соған қарамастан, оны осы уақыт бойы су бетінде ұстап тұрған көбік пластикті әлі де қысып ұстап отырған.

Кемеде оған алғашқы көмек көрсетіліп, су мен тамақ берілген. Кейін жағдайы тұрақталып, 18 тамызда Хошиминдегі портқа жеткізілді. Онда оны туыстары күтіп алған.

Балықшы құтқарушыларға алғыс айтып, мұхитпен арпалысқан төрт тәулікте отбасы туралы ойдың берілмеуге көмектескенін жеткізді.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 24 Тамыз, 2026 22:25