Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтарға үй алуға 1,5 млн теңгеге дейін қайтарымсыз көмек беріледі: Оны кімдер ала алады?

ипотека тұрғын үй сертификаты кімге беріледі
Фото: depositphotos.com

Қазақстанда ипотека рәсімдеу кезінде алғашқы жарнаның бір бөлігін мемлекет өтейтін мүмкіндік бар. Алғашқы жарна жинауға қиналғандарға көмек ретінде тұрғын үй сертификаты беріледі. Оны кімдер ала алады, қанша қаржы беріледі және оны қалай рәсімдеуге болады? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі krisha.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Тұрғын үй сертификаты – ипотека бойынша алғашқы жарнаны төлеуге берілетін мемлекеттік көмек. Қаржыны жергілікті әкімдіктер бөледі. Сертификатты тек бір рет пайдалануға болады және ол тұрғын үй заемы мақұлданғаннан кейін ғана беріледі.

Сертификат көлемін әр өңір өз бетінше белгілейді. Бұған дейін сертификаттар тек белгілі бір жеңілдік санаттарына жататын кезекте тұрған азаматтарға беріліп, оны қолдануға болатын мемлекеттік бағдарламалар саны шектеулі еді. Қазір алушылар тізімі де, сертификатты пайдалануға болатын ипотекалық бағдарламалар ауқымы да кеңейтілді.

Сертификат алушыларды жергілікті мәслихаттар анықтайды. Сондықтан талаптар өңірге қарай өзгеруі мүмкін. Көбіне тұрғын үй сертификаты мына азаматтарға беріледі:

  • көпбалалы отбасыларға;
  • толық емес отбасыларға;
  • мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасыларға;
  • жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға;
  • мүгедектігі бар азаматтарға;
  • дәрігерлерге, мұғалімдерге, мәдениет саласы қызметкерлеріне, құтқарушыларға және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне.

Қаржыны қайтару керек пе?

Бұл отбасының табысына байланысты. Екі нұсқа қарастырылған:

  • қайтарымсыз әлеуметтік көмек – қаржыны қайтарудың қажеті жоқ;
  • бюджеттік кредит – 15 жылға дейінгі мерзімге жылдық 0,01% мөлшерлемемен беріледі.

Қай нұсқа ұсынылатыны отбасының орташа айлық табысына байланысты анықталады. Қайтарымсыз көмек алу үшін соңғы алты айдағы отбасының әр мүшесіне шаққандағы орташа табыс 3,1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы керек.

Мысалы6 егер отбасында төрт адам болса, олардың жалпы орташа айлық табысы 630 552 теңгеден аспауы тиіс. Ал табыс көлемі жоғары болса, сертификат 0,01% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие түрінде берілуі мүмкін.

Тұрғын үй сертификатын тек өз өңіріңізден үй сатып алуға пайдалануға болады. Алматы мен Астана тұрғындары үшін ерекшелік бар — олар пәтерді қала маңынан да сатып ала алады.

Тұрғын үй сертификатын мына ипотекалық бағдарламалар бойынша алғашқы жарнаға бағыттауға болады:

  • "Бақытты отбасы";
  • "Шаңырақ";
  • "Наурыз" және "Наурыз Жұмыскер".

Сонымен қатар кей өңірлерде сертификатты басқа мемлекеттік немесе жергілікті ипотекалық бағдарламаларға пайдалануға рұқсат етілуі мүмкін. Мұндай бағдарламалардың тізімін әр әкімдік өзі анықтайды.

 Тұрғын үй сертификатын қалай алуға болады?

Алдымен ипотека бойынша алдын ала мақұлдау алу қажет. Өз өңіріңізде сертификатқа өтінім қабылдау басталғанын күту керек. Әкімдік арқылы немесе Kezekte.kz сайты арқылы өтініш беру қажет.

Өтінішке мына құжаттар тіркеледі:

Жұмыс орнынан анықтаманың электронды көшірмесі (әлеуметтік осал топтарға бұл талап қолданылмайды).
Банк берген ипотекалық тұрғын үй заемын мақұлдау туралы хаттың электронды көшірмесі. Онда заем сомасы мен ай сайынғы төлем көлемі көрсетілуі тиіс.
Тұрғын үй сертификатын алуға құқығыңыз бар ма?

Сертификат алу үшін бірнеше талап қатар орындалуы керек:

жергілікті мәслихат бекіткен алушылар санатының біріне жату;
сертификатты қолдануға рұқсат етілген ипотекалық бағдарлама бойынша несие рәсімдеу;
тұрғын үй заемын алдын ала мақұлдату;
табыс талаптарына сәйкес келу.

Маңызды: соңғы шешімді әкімдіктер қабылдайды. Дәл осы органдар алушылар санатын, сертификат көлемін, өтініш қабылдау мерзімін және бөлінетін сертификаттар санын анықтайды.

Гүлсезім Мұхатай
Дүйсенбі, 27 Шілде, 2026 20:23
Талқылау