Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мейрамхана қызметкері тапсырыс берушінің тамағына түкіріп, ұшық жұқтырған

қызметкер тамақ түкірді
Фото: magnific.com

АҚШ-та тез тамақтану мейрамханасының қызметкері тапсырыс берушінің тамағына түкіріп, клиент ұшық жұқтырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі New York Post басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

АҚШ-тың Оклахома штатындағы Брокен-Боу қаласында орналасқан Arby's фастфуд желісінің бұрынғы менеджері Аманда Хендрикске клиентке қасақана зиян келтірді деген айып тағылды. Тергеу мәліметінше, ол түнде тапсырыс берген Дженника Черчтің сэндвичіне түкірген.

38 жастағы Дженника Черч Аманда Хендрикске, мейрамханалар желісіне және оны басқаратын компанияға қарсы сотқа талап арыз берген. Оның айтуынша, сол сэндвичті жегеннен кейін өзінен бірінші типтегі қарапайым герпес вирусы, яғни ВПГ-1 анықталған.

Полиция бейнебақылау камераларындағы жазбаларды тексеруге рұқсат алған. Бейнежазбада Хендрикстің сэндвичке салынатын еттің үстіне еңкейіп, оған түкіргендей болған.

Тергеу бастапқыда басқа қызметкердің шағымынан кейін басталған. Сонымен қатар менеджердің бұл әрекеті туралы таныстарына мақтанып айтқаны да анықталған.

“Тапсырысым әдеттегіден ұзақ дайындалды. Мен бұрын Arby's мейрамханасын жақсы көретінмін, бірақ енді олай емес", – деді Черч журналистерге.

Сэндвичті жегеннен кейін әйелдің аузына жаралар шығып, ауырсынған. Сонымен қатар ол сэндвичтерді қайын атасымен және қайын енесімен бөліскен.

Черчтің қайын енесі Патриция Доллахайттың айтуынша, қазір ол ұлын сүюден қалған. Өйткені бүкіл отбасы вирус жұқтырады ма деп алаңдайды.

Отбасының адвокаты бұл жағдайға қатты таң қалғанын айтты. Оның сөзінше, мейрамхана қызметкерлері менеджердің тамаққа түкіргенін көрген, бірақ оны тоқтатпаған және тапсырыстың клиентке жеткізілуіне жол берген.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 24 Маусым, 2026 15:43