22 жастағы әйел дәрумен тапшылығынан барлық тісінен айырылды

Бекка небәрі 22 жасында дәрумен тапшылығына байланысты барлық тісін жұлдыруға мәжбүр болған. Қыз жылдар бойы ауырсынумен өмір сүріп, дұрыс тамақ жей алмаған. Ал адамдар оның 70 жастағы кемпір сияқты көрінетінін айтқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бекканың айтуынша, тістері шіріп, қызыл иегі ауырғандықтан, көптеген тағамнан бас тартуға мәжбүр болған. 22 жасында дәрігерлер оған барлық тісін жұлып, орнына протез салуды ұсынған.
Қазір 25 жастағы әйел қайтадан сөйлеуді және тамақтануды үйреніп жатыр. Алайда ол әлеуметтік желіде жағымсыз пікірлер көп екенін айтады.
“Тістерімнен айырылғанға дейін өмірім өте қиын болды. Мен үнемі ауырсынумен жүрдім және жақсы көретін көптеген тағамнан бас тарттым. Бетім жиі ісіп кететін, сондықтан үнемі мұз басып жүретінмін. Адамдар маған біртүрлі қарайтын, себебі тістерім өте нашар жағдайда еді. Көпшілігі мені есірткі қолданды деп ойлады”, — дейді ол.
Бекка бала кезінде қажетті стоматологиялық көмек ала алмаған. Бірақ оның тістері 18 жасқа дейін қатты бұзылмаған, кейін жағдайы біртіндеп нашарлай бастаған.
22 жасында оған B12, D, С дәрумендері мен темірдің ауыр тапшылығы диагнозы қойылған. Дәрігерлер барлық тісін бір ғана процедура барысында алып тастаған. Операция шамамен тоғыз сағатқа созылған.
Бекка Индиана штатында тұрады. Оның айтуынша, операцияны VCU School of Dentistry тегін жасаған, алайда тіс протездерінің құны 3000 доллар, яғни шамамен 1,575 миллион теңге болған. Аузы толық жазылуы үшін ол екі ай күткен.
“Кей адамдар видеоларыма “75 жаста сияқтысың”, “жиіркенішті” деп пікір жазады. Ал біреулер “сен тым жассың, қалайша протез тағасың?” дейді. Бұрын протезім үшін ұялтатын адаммен қарым-қатынаста болдым, бұл менің өзіме деген сенімділігіме қатты әсер етті”, — дейді Бекка.
Қазір серіктесі мен достары оны әрдайым қолдайды. Оның сөзінше, АҚШ-та 40 миллионнан астам адам тіс протезін тағады. Олардың басым бөлігі есірткіден емес, қарапайым стоматологиялық аурулардан, генетикалық факторлардан, денсаулық мәселелерінен, жас ұлғаюынан немесе жарақаттардан болған.
“Мен көп адамда кездесетін, бірақ көп айтыла бермейтін мәселені көрсетуге тырыстым. Өз оқиғасын айта алмай жүрген адамдардың дауысы болғым келеді”, — дейді 25 жастағы қыз.
Қаскелеңдегі атышулы құпия ит сою орны мен ет тасымалы: Істің 1 жылдан кейін тоқтатылғаны белгілі болды
Оқыңыз