Үш адамның өмірін қиған Қостанайдағы жарылыс: Кінәлі деп танылған азамат жазадан босап кетті

Қостанайда шеберханадағы жарылыстан үш адам қаза тауып, ондаған тұрғынға 240 миллион теңгеден астам шығын келген іс бойынша сот шешімі шықты. Қайғылы оқиғаға байланысты айыпталған азамат кінәлі деп танылды. Алайда жауапкершіліктен қылмыстық іс бойынша мерзімнің өтіп кетуіне байланысты босатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сот мәліметінше, 2023 жылғы 11 желтоқсанда Қостанайдағы шағын көлік жөндеу шеберханасында орнатылған газ баллоны жарылған. Сот анықтағандай, "ГАЗ Газель" автокөлігінің газ жүйесіндегі ақаудан кейін баллон зақымдалып, газ сыртқа шыққан. Соның салдарынан жарылғыш газ-ауа қоспасы пайда болып, өрт тұтанған.
“Жарылыс пен құрылыс конструкцияларының құлауынан Д., С. және Ч. қаза тапқан. Ал Г. есімді азамат ауыр дене жарақатын алған. Сонымен қатар жарылыс толқыны тұрғын үйлерге, әртүрлі жылжымайтын мүлікке, жеке заттарға және өндірістік нысандарға зақым келтірген. Салдарынан 26 жәбірленушіге 240 миллион теңгеден астам материалдық шығын келген.
Қостанай қаласының №2 соты шеберханада болған жарылысқа қатысты қылмыстық істі қарады. Сот алдында Б. есімді азамат болды. Ол абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелген әрекетке (ҚР ҚК 104-бабының 2-бөлігі), абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіруге (ҚР ҚК 114-бабының 3-бөлігі), сондай-ақ аса ірі көлемде залал келтірген бөтен мүлікті жою және бүлдіруге (ҚР ҚК 204-бабының 2-бөлігі) қатысты айыпталған”, – делінген хабарламада.
Сот жарыссөзінде мемлекеттік айыптаушы Б.-ны кінәлі деп тануды және қылмыстық жауапкершілікке тарту мерзімі өтіп кетуіне байланысты оны жауапкершіліктен босатуды сұрады.
ОқыңызАйыпталушы өз кінәсін мойындамай, соттан ақтау үкімін шығаруды өтінген. Жәбірленушілер мен олардың өкілдері прокурордың ұстанымын қолдап, азаматтық талаптарды қанағаттандыруды сұраған.
“Сот Б.-ны ҚР ҚК 104-бабының 2-бөлігі, 114-бабының 3-бөлігі және 204-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Алайда қылмыстық жауапкершілікке тарту мерзімі өтіп кеткендіктен, ҚР ҚК 71-бабының 1-бөлігі 2-тармағына сәйкес оны қылмыстық жауапкершіліктен босатты. Сот жәбірленушілердің азаматтық талаптарын қанағаттандырды”, – делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.
"Халыққа құрметсіздік танытты": Танымал қазақстандық бренд "Борат" образын қолданғаны үшін сынға қалды