Қазақстандық көп балалы ана Қырғызстанмен шекарада кезекке таласып сот алдынан бір-ақ шықты

Қырғызстаннан қайтып келе жатқан қазақстандық көп балалы ана шекарада кезекке таласып сот алдынан бір-ақ шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға 2026 жылдың мамыр айында Жамбыл облысындағы "Айша бибі" өткізу пунктінде болған. Айыпталушы отбасы мүшелерімен бірге Қырғызстаннан қайтып келе жатып, жалпы кезекті айналып өтпек болған.
Оған басқа азаматтар ескерту жасағаннан кейін, әйелдердің арасында сөзге келіспеушілік туған.
Жамбыл облысының ауданарылқ сотының мәліметінше, шекарадан өткеннен кейін жәбірленуші әйел болған жағдайды телефонға түсіре бастаған. Сол кезде айыпталушының ұлы оның телефонын итеріп жіберген. Осыдан кейін бес баланың анасы болып отырған әйел жәбірленушіге жақындап, бет тұсынан алақанымен ұрған. Жанжалды куәгерлер тоқтатқан.
Сот процесі барысында айыпталушының кінәсі куәгерлердің жауаптарымен, бейнежазбалармен және сараптама қорытындыларымен толық дәлелденген.
Жәбірленуші өзіне бірнеше рет соққы жасалғанын айтқанымен, сот сарапшылары бұл уәжді растамаған. Сараптама нәтижесінде алған жарақаттарының денсаулыққа зиян келтірмегені анықталған.
Іс бойынша жауапқа тартылған әйел кінәсін толық мойындап, өкініш білдіріп, кешірім сұраған.
Сот үкім шығарған кезде оның кінәсін мойындағанын, бұрын сотталмағанын, сондай-ақ бес кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеп отырған көпбалалы ана екенін ескерген.
Сот шешімімен азаматша кінәлі деп танылып, оған 100 сағат қоғамдық жұмыс жазасы тағайындалды. Сонымен қатар ол жәбірленушіге моральдық зиян өтемі ретінде 300 мың теңге төлеуге міндеттелді.
Сот шешімі заңды күшіне енген.
"Халыққа құрметсіздік танытты": Танымал қазақстандық бренд "Борат" образын қолданғаны үшін сынға қалды
Оқыңыз