Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар жоғалып кеткен қызды өлді деген көріпкелді жазалауды талап етті

Көріпкел қазақстандықтар
Фото: magnific.com

Астанада 15 жастағы қыз жоғалып кетіп, оны еріктілер мен полиция іздестіріп жатқан кезде, әлеуметтік желіде өзін экстрасенс ретінде таныстырған әйел жасөспірімнің көз жұмғанын айтты. Алайда арада біраз уақыт өткен соң полицейлер қызды аман-есен тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Әлеуметтік желі қолданушылары жалған ақпарат таратты деп көріпкелді жауапқа тартуды талап етіп жатыр. 

“Осындай нәрсені қалай жазуға болады? Бұл мүлдем әдепке де, адамгершілікке де жатпайды”,  “Мен оған “мұндай парақшалар әлеуметтік желіде мүлде болмауы керек” деп жазғаннан кейін, ол мені бұғаттап тастады”, “Масқара! Қыздың жақындарына деген титтей болса да жанашырлық болу керек қой”, – деп жазды желідегілер.

Қазақстандықтар құзырлы органдарды "көріпкелдің" әрекетіне құқықтық баға беруге және мұндай жария мәлімдемелер үшін жауапкершілік қарастырылған-қарастырылмағанын анықтауға шақырды.

“Мұндай көріпкелдердің, балгерлердің, сиқыршылардың және өзге де осыған ұқсас адамдардың айтқан сөздері әкімшілік те, қылмыстық та жауапкершілікке жатпайды. Жауапкершілік мәселесі тек олар ақылы қызмет көрсеткен жағдайда ғана туындауы мүмкін. Мысалы, адам ақша төлеп, қызметке жүгінді делік. Кейін "ақша төледім, айтқаны жалған болып шықты, бұл – алаяқтық" деуі мүмкін”, – деді заңгер Сергей Уткин.

Ол мұндай жағдайда да балгерге жүгінген кез келген саналы адам оның айтқаны жүз пайыз дәл болады деп күтпеу керегін ескертті. 

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 28 Шілде, 2026 08:30
Талқылау