Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Апаттан кейін комаға түскен: Атырауда төрт жасар баланы қағып кеткен жүргізуші жазадан босатылды

баланы қағып кеткен жазадан босады
Фото: depositphotos.com

Атырауда төрт жасар баланы қағып, өмір бойына төсекке таңылған күйге түсірген жүргізуші түрмеге қамалмайтын болды. Ол Конституцияның 30 жылдығына арналған рақымшылыққа ілініп, жазадан босатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

HALYQSTAN Telegram арнасының мәліметінше, оқиға Авангард шағынауданында болған. Төрт жасар бала өз ауласында велосипед теуіп жүрген кезде оны 33 жастағы жүргізуші басқарған Toyota Alphard автокөлігі қағып кеткен.

“Жол апаты салдарынан бала өлім аузынан қалды. Ол клиникалық өлім жағдайында ауруханаға жеткізілді. Бала бір айға жуық комада жатты. Есін жиғаннан кейін оның көру қабілетінен айырылғаны белгілі болды. Сонымен қатар алған ауыр жарақаттарының салдарынан өздігінен жүре алмайтын жағдайға түсті”, – делінген хабарламада. 

Әкесінің айтуынша, қазір ұлы төсекке таңылған. Бір қолын толыққанды қимылдата алмайды және қымбат ем мен ұзақ мерзімді оңалтуға мұқтаж.

Сот жүргізушіні жол қозғалысы ережелерін бұзып, адамның денсаулығына ауыр зиян келтіргені үшін кінәлі деп танып, бір жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Алайда ол бұл жазаны өтемейді. Ер адам Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылыққа ілініп, жазадан босатылды.

Сонымен қатар сот оны үш жылға көлік басқару құқығынан айырды және жәбірленуші отбасыға 10 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттеді. Ал баланың ата-анасы соттан 50 миллион теңге өндіріп беруді сұраған. Олардың айтуынша, бұл қаражат ұлының емделуі мен оңалтуына қажет.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Гүлсезім Мұхатай
Сейсенбі, 28 Шілде, 2026 09:36
Талқылау