Астананы су тасқынынан қорғау бюджетке қосымша шығын әкеледі – Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі

Астанада кезекті нөсерден кейін көшелерді су басуына қатысты өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Олжас Сапарбековтің айтуынша, мұндай қатты жауын-шашын сирек жауады. Сондықтан тек осындай жағдайларға арнап қымбат инженерлік жүйе салу бюджетке айтарлықтай салмақ түсіреді.
"Табиғи апаттардың алдын алу үшін ауқымды қаржы жұмсау қажет болады. Бұл мемлекеттік бюджетке қосымша шығын әкеледі. Сондықтан мұндай жобалардың қажеттілігі жан-жақты бағаланып, талданып, сараптамадан өтуі тиіс", – деді вице-министр.
ОқыңызОл табиғи құбылыстарды толық бақылау мүмкін еместігін айтып, кей кездері жауын-шашын мөлшері қалыпты нормадан әлдеқайда көп түсетінін жеткізді.
Еске салайық, 23 шілдеде Астанада небәрі 15 минутқа созылған нөсерден кейін бірнеше көшені су басқан еді. Сол күні әлеуметтік желіде LRT-ның "Сығанақ" станциясының төбесінен су сорғалап аққан видео тарады. Кейін City Transportation Systems (CTS) компаниясы бұл жағдайдың апат емес, инженерлік жүйелерді іске қосу және баптау жұмыстары кезінде болғанын түсіндірген еді.
Қазақстанда ислам ипотекасы қашан іске қосылады және ол қалай жұмыс істейді